Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Екібастұздағы апатқа жемқорлық себеп болғанын мәлімдеді

Екібастұзда жылумен жабдықтауға қатысты төтенше жағдай негізінен саладағы жүйелі түрде сыбайлас жемқорлық фактілері орын алғаннан кейін болды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимал агенттігінің алдын алу қызметі басшысы Саян Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Atameken Business-ке сілтеме жасап.

“Екібастұзда болып жатқан жылумен жабдықтау трагедиясына назар аударғым келіп отыр. Соның нәтижесінде елеулі әлеуметтік наразылық орын алды. Бұл жылу энергетикасы саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне байланысты”, – деді ол. 

Оның айтуынша, басқа қазақстандық кәсіпорындар жұмысында да сыбайлас жемқорлық тәуекелдері байқалады. Олар Семей, Тараз және Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Көбінесе жемқор шенеуніктер ақылы түрде коммерциялық нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосқан, бұл бүкіл жүйеге әсер етеді.

"Мәселен, Семей қаласында "Жылукоммунэнерго" коммуналдық кәсіпорнының қарыздарын жабуға және жылумен қамту нысандарын ұстауға мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді, бірақ бұл оң нәтиже бермей отыр. Сыйақыға кәсіпорын директорлары жеке және заңды тұлғаларға осы орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылуға техникалық жағдай жасайды. Нәтижесінде қуат төмендейді, жылу шығыны артады. Соның салдары – көпқабатты үйлердегі суық және ыстық судың жоқтығы. Бұл әр өңірде байқалады", - дейді Саян Ахметжанов.



Еске салайық, 27 қарашаға қараған түні Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы 30 градустық аязда жылу электр орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалуына байланысты жылусыз қалған болатын. 28 қарашада Екібастұзда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәл осы күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған.

Кейіннен жылу электр орталығындағы апатқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Апатты жою үшін Астана мен тағы үш қаладан мамандарды жіберу туралы шешім қабылданды. Премьер-министр Әлихан Смайылов осы апатқа байланысты Қазақстан өңірлеріндегі энергетика нысандарына толық техникалық аудит жүргізуді тапсырды.

Сол күні Екібастұз қаласының жылу-электр орталығында (ЖЭС)болған апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Павлодар облысы прокурорының жеке бақылауына алынған.

Сонымен қоса премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Екібастұз тұрғындарына келтірілген шығындарды Орталық-Азия Электроэнергетикалық корпорациясының иелері төлейтінін айтқан. 

1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол  жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.

Талқылау