Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұз тұрғындары қақаған қыста жылусыз қалды

Екібастұзда жылу электр орталығындағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұрғындар жылусыз қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Компания хабарына қарағанда, 27 қарашада сағат 01.30-да жылу желілеріндегі зақымдануларға байланысты желілік судың қысымы төмендеді, нәтижесінде №11, 13, 14, 15 су жылыту қазандықтары тоқтатылды, сондай-ақ №8 энергетикалық қазандық қолмен тоқтатылды

"Қазіргі уақытта №8 және №14 қазанагрегаттары іске қосылып жатыр. Жөндеу бригадалары ұйымдастырылды. Жақын арада параметрлері қалпына келтіріледі. Қала, облыс, "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" АҚ жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіп жатыр", - делінген хабарламада.

Коммуналдық қызмет жағдайды ушықтырмау үшін қала тұрғындарынан желілік суды ағызбауды сұрады. "Құбырлар толығымен салқындап, үй жалпы жылу жүйесінен ажыратылған жағдайда ғана жүйеден желілік суды ағызу қажет", - деп түсіндірді "Екібастұзжылуэнерго" өкілдері.

Залал туралы ақпаратты +7 701 705 49 57 нөміріне диспетчерлік What’sApp қызметіне дереу жіберу қажет.

"Қазіргі таңда тұрғындардың жылумен қамту жағдайын тұрақтандырудағы басты көмегі - жылу желілерінің зақымдануы туралы ақпарат. Іске қосылғаннан кейін тұрғындарға жылу құбырларын тарту және ақауларды жою бойынша көмек қажет болады", - деп түйіндеді коммуналдық қызмет өкілдері.

Айта кетейік, Gismeteo мәліметінше, бүгін Екібастұзда ауа температурасы 31 градусқа дейін төмендейді.

Талқылау