Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист Тоқаев жайлы: Қазақты тар заманнан тартып шығаратын текті еркек осы болса екен

Журналист Мәулен Әлғазы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы жазба жариялады. Президентті туған күнімен құттықтап, сабырлық тіледі.

"Бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы 67 жасқа толды. Бірақ туған күнін республикалық деңгейде тойлай алмадық. Оған карантин емес, өзінің жеке мерекесін той-думанға айналдырып жібермеуін қатаң тапсыруы себеп болды.

Жалпы, бұл кісі ырду-дырду той-думан, дарақылық дейтін дүниелерге қырын қарайтындай көрінді. Биыл бюджетті бөлерде де алашапқын жиналыс, берекесіз басқосу, көңілсіз конференцияларды барынша қысқартып, іске көшуді құп көрген еді.

Ел тізгінін қолға алғанына да жылдың жүзі жақындапты. Толар-толмас бір жылда құдды он жылға татитын бейнетті арқалау осы кісінің тұсына сынақ боп келсе керек", - деп жазды Мәулен Әлғазы желіде.

Журналист Қасым-Жомарт Тоқаев президент болған шақтан бастап елде оын алған ауыр жағдайларды тізіп өтті. Былтырдан бері Арыста жарылыс болып, Қордайдағы дүрбелең, коронавирус індеті, Түркістан облысының су астында қалуы секілді ірі оқилар болғаны белгілі. 

"Арыға бармай, Арыстан бастайық. Дереу жетіп, дастарханға жайғасқан жұртты жұбатып, асаба секілді аяқтан тұрып жүрді. Арыстың жарылғаны аз еді, Қордай оқиғасы бұрқ ете түсті, коронавирус келді, оңтүстікті су басты, т.б. Жауыңа да тілемейтін тосын сәттер қаптап кетті. Сүйген құлымды сынаймын дейді Алла! Мә, саған деп жыл толмай үйіп-төгіп бере салды-ау.

Осыған қарамастан елге жәрдемін тоқтатпады. "Еститін мемлекет" құрғысы келді. Аз қамтылған отбасына АСП тағайындады. Кей кредитті кешіріп, жұртқа жәрдем етті. Кешегі 42500-ді беріңдер деген де осы кісі болатын. Ел аузынан май ағызбаса да, аш өзекке түсіп кетпеуін қалайды. Ол бағдарламалар өз деңгейінде орындалмай жатса, міндет жүктеген министр-сымақтардың кінәсінен деп білем. Өте байсалды, креативті, сергек, қарапайым Президент. Қолы жеткенше қызмет қылып келеді.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дейді қазақ. Құрғақ мақтай бергенше барын да, жоғын да көре білген дұрыс сияқты. Мен көрген жақсылығы осы. Жетіспей жатқан тұсы болса, көш жүре түзелер деп сенгім кеп тұрады.

Қиын кезең алда келеді. Қазақты тар заманнан тартып шығаратын текті еркек осы болса екен!", - деп жазды ол.

Мәулен Әлғазы президентті туған күнімен құттықтай отыра, ізгі тілегін айтты. Ел үміт етіп отырғанын атап өтті.

"Басынан бақ, астынан тақ кетпесін! Құдайдың назары түскен сүйікті құлдарының қатарынан болуды нәсіп етсін! Абыройы асып, қолы ұзарсын! Ел үмітін ақтар, қазақтың бағына біткен жан болсын! Жаудың сұғынан, жаманның тіл-көзінен сақтасын! Қазақты оятып, қамын ойлайтын қайсар тұлға болсын!

Жігіт жасыңыз құтты болсын @tokayev_online ағасы! Жүз жасаңыз! Сенген елдің сағын сындырмай, сын сәттен суырып шығатын СУПЕР ПРЕЗИДЕНТ боласыз деп үміт етеміз! Әумин!", - деді ол.

Айта кетейік, мемлекет басшысы күні кеше 67 жасқа толды. Алайда отбасында туған күнін думандата тойламайтын президент қызметкерлерінен өзін құттықтамауды сұрады. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр