Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су, электр қуаты мен газсыз қалған: Қостанай облысының тұрғындары өрт салдары туралы айтты

Қостанай облысында өрттен аман қалған ондаған үй тұруға жарамасыз болып қалған. Себебі өрт салдарынан су, газ және электр жүйесіне зақым келген. Ауыл тұрғындары аймақ басшылығына жүгінген. Ал шенділер көмектесуге уәде бергенімен, қалпына келтіру жұмыстары қанша уақытты алатыны белгісіз, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

ауыл

Аманқарағай ауылының 80 жастағы тұрғыны Каролина Баронина өрт салдарынан баспанасыз қалған. Қарияның киім-кешегі де өртенген үйінде қалыпты. Ал жылы күртешені гуманитарлық көмек пунктінен берген. Қазір ол туыстарының үйінде тұрып жатыр. 

"Үйде болған теледидар, диван мен төсек, ыдыстар өртеніп кетті. Қысқа деп дайындаған көмір болған. Ал отындары әлі кесу керек еді. Ештеңе қалмады", – дейді Каролина Баронина. 

Сания Біржанованың үйі өрттен аман қалған. Дегенмен мұнда тұру мүмкін емес дейді. Себебі үй жарық, су және газ желісінен ажыратылған.

"Газды қашан беретінін айтқан жоқ. Алдымен газ құбырын тексеру керек екен. Ал жарыққа арналған барлық баған жанып кеткен. Әкімдікке жүгіндік, бірақ "Үйлеріңіз аман, сондықтан үй берілмейді, яғни сол жерде тұрасыздар" деді", – дейді Сания Біржанова. 

Құтқарушылар орман мен ауылдарда әлі жұмыс істеп жатыр. Қазір өрт сөндірушілер қайта тұтануы мүмкін аймақтарға су шашуда. 

"Өртенген орындарға су шашып жатырмыз, себебі өздігінен қайта тұтануы мүмкін. Қоқыстың астында температура жоғары болады. Салдарынан қызып, қайта жануы ықтимал. Біздің мақсатымыз – тұтануы мүмкін, түтіндеп жатқан орындарды жою", – деді СҚО Жамбыл ауданы №11 өрт сөндіру бөлімі қарауылының басшысы Ұлан Молдашев. 



Өрт сөндірушілердің сөзінше, Аманқарағай ауылында 40 шақты ғимарат отқа оранған. Өрт жылдам тараған. Алғашқы тәулікте жалынмен қүресуге күш пен жабдықтар жеткіліксіз болыпты. 

Аманқарағай ауданының тұрғындары ауылдағы экологиялық жағдайдың нашарлағанын айтады. Ал бау-бақшада ұзақ уақыт ештеңе өспейді. Өз мәселелерін жергілікті билікке жеткізген. Аудан әкімдігінің өкілдері барлығына мүмкіндігінше көмектесуге уәде берді. 

“Барлық өтініштерді комиссиямен бірге қараймыз. Әрине, бір күнде қарау мүмкін емес. Күрделі жұмыс. Барлық тұрғындармен тіл табысамыз. Ертеңнен бастап өсімдіктер жоқ жерлерде көгалдандыру жұмыстарын бастаймыз", – деді Әулиекөл ауданының әкімі Ерлан Теменов. 

Соңғы мәліметтерге сәйкес, өрт кезінде 91 үй зақымдалған. Олардың 85-і Аманқарағай ауылында, 6-ы Озерное ауылында орналасқан. 

Еске салайық, 7 қыркүйекте Қарағанды облысында үш табиғи және бес дала өрті сөндірілгені туралы хабарлаған едік. Шет ауданында өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. 

Талқылау