Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында шөпке қасақана от қойған ер адам ұсталды (видео)

Алматы облысында от қойған белгісіз жігіт тұрғындар назарына түскен. Ол даладағы құрғақ шөптерді өртеп жүрген жерінен ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қолына тетікті оттық ұстаған ер адамның бейнежазбасы әлеуметтік желіде жарияланды. Видеода белгісіз жігіттің құрғақ шөпке от қойғанын байқайсыз. Бірақ оның бұл әрекетін жергілікті тұрғындардың бірі байқап қалып, тоқтау салған.

“Не мынау? Қолыңның бәрі күйген ғой. Неге өртеп жүрсің? Қазір полиция шақырамын. Міне, мына жердің бәрін өртеген. Осылай жайылады ғой от”, — дейді бейнежазба авторы.

Алматы облысы Полиция департаменті бұл оқиғаның 6 қыркүйекте Жамбыл ауданы Еңбекшіарал кентінің маңында болғанын растады. .

Далалы жерде кепкен шөпті өртеп жіберген ер адам анықталып, аудандық полицияға жеткізілді. Ол 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.

"Жауап алу кезінде ұсталған адам өз әрекетін түсіндіре алмады, өйткені ол мас болған. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", - деп мәлімдеді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

 

Талқылау