Каспийдегі оқиғаға қатысты видеоны өшіруді сұраған адам Қорғаныс министрлігінің қызметкері болып шықты
Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде ведомствоға қатысты жағымсыз видеоларды өшіруді сұраған Мирбулат Садудың министрлік жүйесінде жұмыс істейтінін растады. Алайда оның бұл әрекеті ведомствоның тапсырмасы болмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kursiv.Media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде әскери қызметкерлерге Қорғаныс министрлігінің беделіне кері әсер ететін жарияланымдар мен видеоларды анықтап, оларды өшіру жөнінде тапсырма берілгені туралы скриншоттар тараған еді. Хабарламаларда өшірілген материалдардың бастапқы және кейінгі нұсқаларын скриншот жасап, есеп ретінде жіберу талап етілгені жазылған.

Министрлік аталған қызметкердің Қорғаныс министрлігі жүйесінде жұмыс істейтінін растады. Дегенмен оның әлеуметтік желідегі әрекеті қызметтік тапсырмаға қатысы жоқ екенін айтты.
“Саду Мирбулат Аватберкович қазір Қорғаныс министрлігінің жүйесінде қызмет атқарады. Алайда оның әлеуметтік желіде жазған пікірлері оның жеке азаматтық ұстанымы. Бұл пікірлер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми ұстанымы саналмайды”, – делінген министрлік жауабында.
Сонымен қатар ведомство әскери бөлімдерге немесе әскери қызметкерлерге Қорғаныс министрлігіне, министрге не Маңғыстауда болған оқиғаға қатысты жарияланымдар мен видеоларды іздеу және өшіру жөнінде тапсырма берілмегенін мәлімдеді.
Оған қоса министрлік әлеуметтік желідегі материалдарды өшіру бойынша атқарылған жұмысты “дейін/кейін” форматындағы скриншоттар арқылы жинау туралы нұсқау берілгенін жоққа шығарды.
Бұған дейін тараған скриншоттардың бірінде мұндай жұмыстың қорытындысы бойынша әскери қызметкерлерді 25 қазан – Республика күніне орай көтермелеу туралы да айтылған. Алайда министрлік жарияланымдарды өшіруге байланысты әскери қызметкерлерді марапаттау немесе көтермелеу жөнінде тапсырма болмағанын жеткізді.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Ресми мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметкер теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 24 қыркүйекте сағат 22:30-да премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен комиссия отырысы өтті. Тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу және жедел-іздестіру шаралары басталған. Қажетті сот сараптамалары да тағайындалған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы – "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Қайғылы жағдайға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
"Өзімізді дәлелдедік": Олимпиадада жүлделі орын алған таэквондошылар Қазақстанға оралды