Қарағанды облысында күйеуі өлтіріп, мәйітін тығып тастаған әйелдің денесі табылды
Қарағанды облысының Тоғызқұдық ауылында 35 жастағы келіншектің мәйіті табылды. Оны 8 ай бұрын күйеуі өлтіріп, денесін тығып тастаған. Мәйітті полиция ауылдан небәрі 10 шақырым жерден анықтаған. Марқұмның туыстары Бұқар жырау аудандық полиция басқармасын қылмыскерді дер кезінде ұстамады деп кінәлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғалып кеткен келіншекті іздеуге ат салысқан ауыл адамдары мен марқұмның жақындары көп жиналғандықтан ол жерге арнайы жасақ шақыруға тура келген.
Айта кетейік, марқұм былтырғы қыркүйектің 22- сі күні Теміртау қаласынан Тоғызқұдық ауылында тұратын күйеуі мен ата- енесінің үйіндегі кішкентай қызын алып келу үшін кетіп, сол күйі оралмаған. Сол күннің ертесіне күйеуі оның төркініне барып, қыздарының жоғалып кеткенін хабарлайды. Келіншек отбасылық кикілжің салдарынан соңғы жарты жылда өз ата-анасының үйінде тұрған көрінеді. Жақындары із-түзсіз кеткен әйелді полициямен бірге іздеген.
Полицияның мәліметінше, күйеуі 4 ай бұрын әйелін өлтіргенін мойындаған, артынша өзіне қол жұмсаған.
- Денесін кілемге орап лақтырды: Павлодар тұрғыны өз күйеуін өлтірді деп айыпталды
- Павлодарда әйел мен үш кішкентай баласын айуандықпен өлтіріп кеткен
Ал марқұмның туыстарының айтуынша, мәйіттің сол мезетте табылмауына полицияның салғырттығы себеп болды.
Бұл ғана емес, күдікті қылмысын мойындар алдында 3 баласынан бас тартып, өзінің әпкесінің атына жаздырып кеткен. Нағашылары енді жиендерін де көре алмай отыр.
"2020 жылы желтоқсанның 15- і күні Жаманбаев Саят Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына келіп қылмысын толық мойындады. Қылмысын мойындап тұрған адамды таңғы 8-де келіп, көмген жеріңді көрсет деп үйіне қайтарып жіберген. Осы қылмыс 7 ай емес 7 сағатта ашылатын қылмыс. Бұқар жырау аудандық заң қызметкерлері өздерінің жұмыстарын адал атқарған жоқ деп есептейміз", - деді марқұмның әпкесі Сайран Балбиқызы.
Полицияда күдікті қылмысын мойындағанымен, оны ұстауға жеткілікті дәлелдер болмағанын мәлімдеді.
"15 желтоқсанда жауап алу кезінде ол әйелін өлтіргенін мойындады. Бірақ қызметкерлерде оны қамауға алуға нақты негіз және дәлел болған жоқ. Оның сөздерін растайтын мәйіт те, куәгерлер де болған жоқ. Азаматшаның мәйіті табылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді Қарағанды облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.