iPhone ұстайтын қазақстандықтарға қауіп бары ескертілді

Қазақстандықтарға бұлттық сервистерді пайдаланушыларға бағытталған интернет алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескерту жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне қарасты Қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы бұлттық сервистерді пайдаланушыларға бағытталған интернет алаяқтықтың жаңа түрі жайлы ескертті.
Мамандардың мәліметінше, алаяқтар iPhone қолданушыларына iCloud қоймасының толып кеткені туралы жалған электрон хаттар, SMS және түрлі хабарламалар жіберіп жатыр. Хабарламаларда аккаунт бұғатталуы мүмкін екені, ал фото, видео мен құжаттардың жойылып кету қаупі бары көрсетіледі.
Бұл хабарламалар ресми сервистердің ескертулеріне өте ұқсас жасалған. Осылайша, пайдаланушыны шұғыл әрекет етуге итермелейді. Көбіне сілтеме арқылы өтіп, жады көлемін ұлғайту, төлем деректерін жаңарту немесе аккаунтқа қолжетімділікті қалпына келтіру ұсынылады.
Алайда мұндай сілтемелер фишингтік сайттарға апарады. Онда енгізілген логин, құпиясөз және банк картасының деректері киберқылмыскерлердің қолына түседі. Мұндай тәсіл тек iCloud емес, Google Drive, Mail.ru бұлты, Яндекс Диск секілді өзге де сервистердің атын жамылып қолданылуы мүмкін.
ОқыңызОсыған байланысты мамандар бірқатар ескертулер жасады.
- SMS, электрон пошта және мессенджерлердегі “шұғыл” хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу;
- Бұлттық қойманың жағдайын тек ресми қосымшалар немесе сайттар арқылы тексеру;
- Бөгде парақшаларда логиндер, құпия сөздер және банк деректерін енгізбеу;
- Барлық бұлттық және пошталық аккаунтта екі факторлы аутентификацияны қосу;
- Әртүрлі сервистер үшін бірегей және күрделі құпиясөз пайдалану;
- Егер аккаунт бұзылды деген күдік болса, дереу құпиясөзді ауыстырып, барлық белсенді сессияларды жабу қажет.
“Сақ болыңыз: деректердің жойылуы немесе аккаунттың бұғатталуы туралы кез келген хабарламаны тек ресми сервистер арқылы тексеріңіз”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект арқылы жасалатын жаңа алаяқтық түрі туралы ескерткені хабарланған еді.
Ведомство мәліметінше, қылмыскерлер жасанды интеллектіні қолданып, өздерін полиция, банк немесе өзге ұйым қызметкерлері ретінде таныстырып жүр. Олар бейнеқоңырау шалып, жалған дауыс пен бейнені пайдалану арқылы азаматтарды "қауіпсіз шотқа" ақша аударуға көндіреді. Көбіне "күдікті операция анықталды" немесе "қаражатыңызға қауіп төніп тұр" деген сылтау айтылады.
Министрлік өкілдері құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері ешқашан бейнеқоңырау арқылы ақша аударуды талап етпейтінін еске салды. Азаматтарға бейтаныс адамдардың талабын орындамау, жеке және банк деректерін бермеу, ақпаратты тек ресми көздерден тексеру ұсынылды.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен