Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда дәріханалардың атын жамылып, тыйым салынған заттар сатқан қылмыстық топ ұсталды

Күдіктіні ұстау сәтіФото: polisia.kz

БҚО-да полиция департаменті ҰҚК облыстық департаменті және облыс прокуратурасымен бірлесіп, ұзақ уақыт бойы күшті әсер ететін дәрілік препараттардың заңсыз айналымын жүзеге асырып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қылмыстық топ өз әрекетін заңды фармацевтикалық қызмет ретінде көрсетіп, жасырын түрде заңсыз сауда жүргізіп келген. Олар арқылы психоактивті, тәуелділік тудыратын және есеңгірететін дәрілер өңір аумағында кеңінен таратылған. Бұл құбылыс жастар арасында таралған “дәріханалық нашақорлықтың” бір түріне айналған.

Полицияның мәліметінше, негізгі тұтынушылар — 18 және 25 жас аралығындағы жастар болған. Олардың арасында бұрын сотталғандар, есепте тұрғандар, сондай-ақ алғаш рет осындай заттарды қолданғандар да бар.

“Жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде қылмыстық схема толық тоқтатылды. Заңсыз айналымнан ірі көлемдегі дәрілік препараттар, есірткі заттары, оқ-дәрілер және қомақты ақша тәркіленді. Сонымен қатар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру деректері анықталды”, – делінген полиция хабарламасында.

Іс бойынша жалпы 11 күдікті анықталып, оның ішінде ұйымдасқан топтың 6 негізгі мүшесі қамауға алынған.

Тәркіленген ақша

Фото: polisia.kz

Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық топтың айналымы шамамен 1 миллиард теңгені құраған. Қылмыстық жолмен алынған мүлікке, оның ішінде жылжымайтын нысандар мен қымбат автокөліктерге тыйым салынды. 

Полиция психоактивті заттардың заңсыз айналымына қатысты кез келген әрекет заң аясында тоқтатылатынын және кінәлілер қатаң жауапқа тартылатынын ескертті. 

Еске салсақ, бұған дейін интернет дүкен арқылы есірткі сатқан төрт қазақстандықтан 2 миллиард теңге мен люкс көліктер тәркіленгені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 17 Сәуір, 2026 23:01