Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте Әуезов университетіндегі ақша жымқыру ісі бойынша сегіз адам сотталды

Фото: auezov.edu.kz

Шымкентте Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіндегі ақша жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шымкент қалалық сотының мәліметінше, іс бойынша сегіз адам күдікті деп танылған.

"Жеті айыпталушыға қылмыстық кодекстің “адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену" бабы, бір айыпталушы "ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену" бабы бойынша айып тағылған", – делінген сот хабарламасында.

Сот университеттің бірінші проректоры салғырттық танытып, мемлекетке 153 565 136 теңге көлемінде залал келтіргенін анықтады.

Қаржы департаментінің директоры, бас есепші аса ірі мөлшерде, 166 770 036 теңге қаражатты жымқырғаны, ал осы департаменттің басшысының міндетін атқарушы 100 135 649 теңге көлемінде қаржы жымқырғаны анықталды.

Сондай-ақ сот хабарламасында әкімшілік-шаруашылық департаментінің директоры басқа тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы 320 507 785 теңге көлемінде ұрлық жасағаны көрсетілген.

Айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен дәлелденді. 

Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, бостандықты шектеуден бастап сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазаларын тағайындады. Жекелеген жағдайларда рақымшылық және шартты жаза шаралары қолданылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін қаржылық мониторинг агенттігі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеуді аяқтағаны туралы жазған едік. Мемлекет қаржысын жымқыру бойынша университеттің бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары күдікке ілінді.

Күдіктілер мемлекеттік сатып алу бойынша жалған келісім-шарттар жасаған, яғни тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе олардың бағасы жасанды түрде көтерілген.

Дана Русланқызы
Жұма, 17 Сәуір, 2026 22:25