Алматыда жолдарды су басуына байланысты жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді

Алматыда жолдарды су басуына байланысты жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда бірнеше күннен бері жауып жатқан жаңбыр қаланың жекелеген аумақтарында су басуына әкелді. Коммуналдық қызметтер жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімдеме жасады.
Алатау ауданында су басудың зардаптарын жою үшін жедел қызметтер жұмылдырылған, жекелеген аумақтарда жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді. Сондай-ақ су бұру жүйесін жақсарту мақсатында жаңа сорғы станциясын салу туралы шешім қабылданған.
Ал Бостандық ауданында нөсер жауын-шашын салдарынан Жәңгір хан көшесінің бір бөлігінде 1200 шаршы метр аумақта жағдай күрделене түскен. Табиғи су ағызу жүйесінің болмауына байланысты көше мен жол су астында қалған, ал сағатына 100 текше метр су айдайтын қолданыстағы сорғы станциясы ағын көлемін еңсере алмай отыр.
Аталмыш аумақта табиғи апаттың салдарын барынша жедел жою мақсатында ресми түрде жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді.
Наурызбай ауданындағы "Алма Сити" тұрғын үй кешенінде, сондай-ақ Төле би көшесінің оңтүстігінде де су үздіксіз сорылып жатыр.
Нөсер жауынға байланысты Алматының Әуезов ауданындағы жағдай туралы "Алматы Тазалық" аудандық бөлімшесі басшысының орынбасары Қанат Әуелхан баяндады.
"17 сәуір, сағат 14:00-дегі жағдай бойынша Төле би және Яссауи көшелеріндегі ахуал тұрақты және толық бақылауда. Бұл аумақта су жиналу деректері тіркелген жоқ. Коммуналдық қызметтер жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр және қажет болған жағдайда жедел әрекет етуге дайын", – деді ол.
Алатау ауданы да нөсер жауыннан кейін тағы су астында қалды. Жаңбыр суы жолдар мен аулаларды басып қалған.
"Алматыдағы нөсер жауынның салдарынан ауданымызда бірқатар мекенжай бойынша су басу жағдайлары тіркелді. Қазір Алатау ауданында мердігер ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді: арықтар тазартылып жатыр, сондай-ақ су басқан аумақтардан су сорылып, қала аумағынан сыртқа шығарылуда", – деді аудан әкімдігінің өкілдері.
Айта кетейік, 16 және 17 сәуірде Алматыда толассыз жауын жауып, салдарынан қаланың бірқатар көшелерін су басып, көлік қозғалысы қиындады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан бойынша мамыр айына арналған ауа райы болжамы жарияланған еді. “Қазгидромет” мәліметінше, мамырда ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болады деп болжанды.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен
Оқыңыз