"Мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн": Тоқаев Түркиядағы форумда Таяу Шығыстағы ахуал жайлы айтты

Мемлекет басшысы Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысып, Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент бүгінгі көшбасшылардың бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталды.
“Жаһандық көшбасшылар, әлемнің әр қиырындағы жекелеген мемлекеттердің жетекшілері, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы қажет деп санаймын. Қазіргі сәтте стратегиялық ұстамдылық өте маңызды. Менің ойымша, бүгінгі күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы әлемдегі шиеленістердің түйінін тарқату аса қиын емес. Жай ғана жауапкершілік танытып, сабырлы болу қажет”, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді. Президент келіссөздер барысында басты мәселелерге ден қою керек деп санайды.
“Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестігін білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Ердоғанның шақыруымен Түркияға баратыны хабарланған еді.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен
Оқыңыз