Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Атыңызға айыппұл келіп тұр": Алаяқтар мемлекеттік органдар атынан әрекет ететін жаңа схема ойлап тапты

алаяқтықтың жаңа түрі

Фото: Polisia.kz

Абай облыстық полиция департаменті Қазақстанда онлайн алаяқтықтың жаңа түрі таралып жатқанын ескертті. Алаяқтар азаматтардың жеке ақпаратын заңсыз алу үшін мемлекеттік қызметтерге деген сенімді пайдаланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алаяқтар үкіметтің ресми байланыс орталығының нөмірінен ұялы телефондарға хабарламалар жібереді. Онда азаматтарға айыппұл келді деп жазылады және оны тексеру туралы сілтеме жіберіледі. 

Бір қарағанда, сілтеме ресми үкімет порталы сияқты көрінеді. Дегенмен бұл жалған веб-сайт. Алаяқтар eGov порталына ұқсайтын жалған интерфейс жасайды.

Жалған веб-сайтта кез келген көлік тіркеу нөмірін немесе ЖСН енгізсеңіз де, жүйе автоматты түрде "айыппұл" туралы жалған ақпаратты көрсетеді. Бұл пайдаланушыны алдау және сенімді арттыру үшін жасалған.

"Төлеу" түймесін басқан кезде сайт банк картаңыздың толық деректерін сұрайды. Содан кейін картадан ақшаңызды алып алады.

Алаяқтық екенін жүйеге дұрыс емес ақпарат енгізсеңіз де "айыппұлды" көрсетіп тұрғанынан байқауға болады. Бұл – азаматтарды шатастырып, шұғыл түрде "айыппұл төлеуге" итермелеуге бағытталған психологиялық тактика. Мемлекеттік органдар жеке немесе банк ақпаратын SMS арқылы енгізуді талап етпейді,  ресми айыппұлдар тек сенімді платформалар арқылы тексеріледі.

“Айыппұлдарды тек ресми дереккөздер арқылы тексеруді ұсынамыз. Күдікті сілтемелерді ашпаңыз. Белгісіз веб-сайттарға жеке ақпарат енгізбеңіз және таныс емес хабарламаларға сенбеңіз. Мұндай жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Полиция азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.”, – делінген полиция хабарламасында.
Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 15:02