Адам көп жерде SMS жолдап, деректерге қол жеткізген: Қазақстанда бұған дейін тіркелмеген алаяқтық схема анықталды

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған киберқылмыс әшкереленді. Қаскөйлер Beeline мен Halyk Bank атынан жалған SMS таратып, адамдардың банк деректерін жаппай ұрлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда азаматтардың жеке деректері мен ақшалай қаражатын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Ведомство мәліметінше, операция бас прокуратурасы үйлестіруімен және Tele2 ұялы байланыс операторының киберқауіпсіздік мамандарының қатысуымен жүргізілген. Аталған іс ТМД аумағында алғаш рет әшкереленген осындай схема ретінде тіркеліп отыр.
Тергеу барысында анықталғандай, қаскөйлер арнайы SMS-бластер құрылғысын қолданған. Бұл құрылғы ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын имитациялап, шамамен 300 метр радиустағы телефондарды жалған желіге автоматты түрде қосуға мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде пайдаланушыларға жаппай фишингтік хабарламалар жіберілген.
Құрылғы байланыс операторларының қорғанысын айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін SMS тарата алған. Қылмыстық топ әрекетін жасыру және ауқымды қамту үшін жабдықты автокөліктерге орнатып, адамдар көп жиналатын орындарда базарлар мен сауда орталықтары маңында пайдаланған.
Хабарламалар Beeline және Halyk Bank атынан жіберілгендей көрініп, бонустарды айырбастау туралы ұсыныстар қамтылған. Сілтемеге өткен азаматтар жалған сайттарға кіріп, жеке мәліметтерін, соның ішінде банк картасының деректерін, CVV-кодын және SMS арқылы келген растау кодтарын енгізген.
Шахтерлерді қорқытып, ақша бопсалаған: Ақтөбе облысында екі қылмыстық топ ұсталды
ОқыңызОсылайша, күдіктілер азаматтардың құпия ақпараттары мен банктік шоттарына қол жеткізген. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыстық схема бастапқы кезеңде әшкереленіп, күдіктілер ұсталды. Қазір төрт адам қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі тұрғындарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерді ашпау, тексерілмеген сайттарға жеке және шот деректерін енгізбеу және ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру қажет.
Ведомство ескертуінше, банк қызметкерлері мен байланыс операторлары SMS немесе бөгде сілтемелер арқылы құпия мәліметтерді ешқашан сұратпайды.
Еске салайық, бұған дейін Украинаның Днепр қаласында жалған инвестиция мен криптовалюта арқылы азаматтарды алдап келген үш call-орталық әшкереленді. Арнайы операция Қазақстанның ішкі істер министрлігі, Украина ұлттық полициясы және екі елдің прокуратураларының бірлесуімен жүргізілді. Осылайша, 53 күдікті ұсталып, олардың сегізі қамауға алынды. Тінту кезінде ірі көлемде ақша, техника және автокөліктер тәркіленген.
"Көмектесіңіз мен оны танымаймын деп жылады": Алматы облысында бейтаныс ер адам кішкентай баланы ұрламақ болған