Хабиб UFC-дегі мансабын аяқтағанын мәлімдеді
Ресейлік ережесіз жекпе-жек шебері Хабиб Нұрмагомедов UFC-де мансабының аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Хабиб Абу-Дабидегі UFC-254 турнирінде Джастин Гэтжиді жеңгеннен кейін, бұл соңғы жекпе-жегі болғанын айтты.
"Құдай маған бәрін берді. Бұл балалар менімен бірге. Бүгін менің соңғы жекпе-жегім болды. UFC басшылығынан сұрағым келетін жалғыз нәрсе: мені келесі аптада салмақ санатына қарамастан рейтингте бірінші орынға қойыңыз. Мен бұған лайықпын. 29-0, бірде-бір жеңіліс жоқ. Промоушен басшылығына алғысымды айтқым келеді, барлығыңызға үлкен рахмет", - деді Нұрмагомедов жекпе-жектен кейін.
- "Қазақтың туын жоғары көтергеніме бақыттымын": Шавкат Рахмонов UFC-дегі алғашқы жеңісі туралы
- Хабиб Нұрмагомедовтің әкесі қайтыс болды
- Хабиб Әли Тұрғанбекпен кездесіп, оған қымбат сыйлық берді
Нұрмагомедов UFC-ден кету себебі әкесі қайтыс болғаннан кейін анасына берген уәдесімен түсіндірді.
"Мен таулы ауылдың қарапайым жігітімін. Ағам маған Google планетадағы ең көп талқыланатын адам мен екенін көрсетті деп айтты. Мен сенбедім. Барлығыңызда ата-анаңыз бар. Оларға қамқор болыңдар. Менің анам ғана қалды. Анаммен көбірек уақыт өткізгім келеді", - деп қорытындылады ол.
Еске салсақ, Хабиб Гэтжимен болған жекпе-жекте жеңіске жетті. Дәл осы турнирде қазақстандық Шавкат Рахмонов бразилиялық Алекс Оливейроны мерзімінен бұрын жеңді.