Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баян Мақсатқызының «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясы эфирден көрсетілмейтін болды

Күні кеше журналист Қазыбек Иса ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және «Қазақстан» РТРК АҚ Басқармасының төрағасы Ерлан Қаринге ашық хат жолдап, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясын эфирден алып тастауын сұраған. Аз уақытта ашық хатқа 150-ден аса адам қол қойды. Ал бүгін аталған телехикаяның эфирден алынғаны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz.

Бұл туралы Жолымбет Мәкіш есімді желі қолданушысы Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Достар, «Қазақстан» арнасындағы Баян түсірген «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» фильмі енді қайтып эфирге шықпайтын болды. Осы жаңа ғана оны маған Ерлан Қариннің өзі хабарлап айтты. Ерланға да, бәріңізге де рақмет!» – деп жазды Жолымбет Мәкіш.

Айта кетсек, Тарихи тақырыпты арқау еткен телехикаяның шикілігіне наразы болған ел азаматтары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және  «Қазақстан» РТРК  АҚ Басқармасының
төрағасы Ерлан Қаринге ашық хат жолдап, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясын эфирден алып тастауын сұрады.

«Санасы жалаңаш, жанары  ойсыз, әдептен жұрдай, бетің бар жүзің бар демей, орынсыз, ауызекі тілмен сөйлей салатын,  жалғап алған жасанды кірпігі жалпылдап, тасыраңдаған таңқы танау қара қыз – сериалдағы Баян осындай. Халықтың сұлулық пен парасаттылық жайлы биік талғамына нұқсан келтіретін мұндай бейнені кім қанағат тұта қойсын?

«Қозы Көрпеш- Баян сұлу» жыры да- халқымыздың інжу-маржаны, жауһар қазынасының қатарына жатады. Енді мына сериалдағы кейіпкерлердің аузына салған сөздерді естігенде еңсең түскендей. Қыз басымен әкесінің бетінен алып, төсіне шапқан тасыр мінезді Баян: «Өздері өлейін деп жүрген жалаңаяқ кедейдің қай малын алмақсың?» деп, түйеден түскендей дүңк еткізеді. Әкесінің де оңып тұрғаны шамалы. «Байға беремін, бетімен кеткен қызыңды байы жөндесін, ұрын келсін!» деп айтатын жері тағы бар. Қыз әкесінің аузына мұндай сөз салу сценарий жазған адамның «ұрын» дәстүрін білмейтіндігінен. Ұрын баруға қыз әкесінің тікелей қатысуы ұят саналады, демек сценаристің ұлттық салт-дәстүр жайлы білімі тайыз,  дүбәра деген сөз.

Баянның аузына «Қодарға тимеймін, əке-шешемнің өзі тиіп алсын» деген сөз салыпты. Тапа- тал түсте ұрын келген Қодардың  қыз əкесімен едіреңдеп сөйлесуін, одан қыз отауына баса көктеп кіріп келуін қай ғұрыпқа жатқызуға болады?

Мынау да сол Баян жайлы сериалдан үзінді: «Бағымыз ба – сорымыз ба, әйтеуір бізді еркектер билейді. Өміріміз солардың қолында».  Ол заманның қыздарында «еркек билейді» деген түсінік болмаған. Ол дәуірдің әйелдері еркекті пір тұтқан. Бүгінгі қыздарымыздың санасына мұндай көргенсіз ұғымды сіңіріп абырой табу қиын. Немесе мына бір тұсқа назар аударыңыз: «Құшағына өзі келіп құлаған қыздан бас тартатын қандай жігітсің?». Сериалдағы жігітке өзі асылған қыздың сөзі…

«Сен бақытты болуға тиістісің» дейді, Баянды шығарып салып тұрып анасы. О заман да бұ заман, қазақ анасы кетіп бара жатқан қызына бұлай сөйлемеген, «Бір Аллаға тапсырдым», «Жаратқан Ием жар болсын», «Барған жеріңде бағың ашылсын» деген. Ал мынау барған жерін бақытты ететін емес, барған жеріне бақыт іздеп баратын, тәрбиесі кеміс ананың айтатын сөзі.

Шығарманың тілі жұтаң, әдептен жұрдай, сол заманның сөз саптасын, психологиясын бере алмаған, керісінше ұлттық әдет-ғұрыпты мансұқтаған тұстары жетіп артылады», – деп жазылған ашық хатта.

Естеріңізге сала кетсек, түсірілімі бір айға созылып, көрерменге жол тартқан «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясы 25 желтоқсаннан бастап «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіле бастаған еді.

Оқи отырыңыз:

Меруерт Түсіпбаева Баян Есентаева түсірген «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» фильмін сынап тастады

Төреғалиді кешіргем: Асхат Садырбай әншімен болған дау жайлы шындықты жайып салды

Тоқтар Серіков: Шырша тікпеймін, бірақ әлемдік мерекеге қарсы шығуға хақым жоқ

Жұлдыз емеспін: Данэлия Төлешова Жаңа жылды отбасымен қарсы алатынын айтты

Кеудесін көрсетіп суретке түскен Ділназ Ахмадиева желі қолданушыларын ашуландырды (фото, видео)

Талқылау