Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баспана мен азық-түлік арзан": Танымал қазақ продюсері Түркияда тұрудың артықшылықтары жайлы

Түркияға көшкен танымал продюсер Алуа Қонарова ондағы өмірдің артықшылықтары мен кемшіліктерімен бөлісті. Бұл туралы Stan.kz Ardak Alanya YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Сұхбаттан скриншот

Қонароваға Алания қаласы қатты ұнайды. Ауа райы, адамдардың мейірімділігі, жануарларға, қарт кісілер мен балаларға деген көзқарасына Қонарова дән риза. 

"Дүкенге, базарға барғанда ақшаң жетпесе, саудагер "қалағаныңды ал" дейді. Немесе ақшаңды ұмытып кетсең "кейін әкеліп бересің" дейді. Сені бірінші рет көріп тұрғаны ештеңе емес", – дейді продюсер.

Алуа ханымның айтуынша, Түркияда өмір сүру оңай деген пікір қате. Ол жақта да қарапайым халық күн көріске келгенде қиналады. Алайда тұрмыстық қиыншылық үшін ешкімге шағымданбайды, еңбектенеді. 

"Олар 3-4 жұмысқа орналасып, еңбек етеді. Мұнда еркек – асыраушы, ол өз отбасына жауапты екенін түсінеді. Қандай да жолын тауып, жұмыс істейді. Маған сонысы ұнайды.

Мұнда адамдар бір-біріне көмектескенді ұнатады. Енді адамдар әртүрлі болады ғой, мүмкін мейірімсіз адамдар да бар шығар. Бірақ басым бөлігі мейірімді. 



Біреуді біреу ренжітсе, топпен көмекке келеді. Бір жолы анамды теңіз жағалауында көлік қағып кетті. Жүргізуші қашып кеткен. Анам бір сәтте жанына өте көп адам келгенін айтты. Аталар, әжелер, ал жас жігіттер жүргізушінің соңынан қуып жетіп, кері қайтуға мәжбүрлеген. Ата-апалар оған ұрсып, ауруханаға жеткізуді талап еткен. 

Ол кезде Алматыда, жұмыста едім. Қатты уайымдадым. Мен анамның жалғыз қызымын. Кейін ол жүргізуші жұбайымен бірге анама келіп тұрды. Ал жағдайды көрген түріктер үнемі анамның жағдайын сұрап тұрды.

Тағы бір көзіммен көрген жағдай, бір қызға жігіт тиісе бастағанда, осында бір топ жігіт оны қорғап, әлгі жігітті ұрып тастады", – деп әңгімеледі Қонарова.

1 жыл 4 айдан бері Аланияда тұрып жатқан Қонарова түріктерден асықпауды үйренгенін айтады. Оған қоса, шай мен тәттіні, бөлке мен қаймақ жеуді әдетке айналдырған.

Продюсер бұл елде не ұнамайтынын да атап өтті. 

"Көлікті жүргізулері, уақытында жүрмейтіндері ұнамайды. Еңбекті қамтамасыз ету жағы ақсаңдап тұр. Олардың қалай жұмыс істейтінін түсінбеймін. IT технология жағынан артта қалған. Ол жағынан біз алда екенбіз.

Медицинасын түсінбеймін. Дәрігерлер түріңе қарап, ештеңе айтпайды. Әрі кетсе 1-2 дәрі жазып береді. Суды көбірек іш, таза ауада жүр, спортпен айналыс дейді. Біз “бүкіл жерің ауру” дегенге үйреніп қалғанбыз ғой. Мүмкін ол дұрыс та шығар, бірақ бізге үйреншіксіз", – деп ағынан жарылды Алуа ханым.

Сондай-ақ Қонарова Аланияда Қазақстанмен салыстырғанда баспана мен азық-түлік арзандау екенін атап өтті.

Талқылау