Астанада 10 жастағы бала көршісінің мысығын 14-қабаттан лақтырып жіберген: Иесі полицияға арызданды
Астана тұрғыны әлеуметтік желіде сүйікті мысығын 10 жастағы бала өлтіргенін айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдің сөзінше, оқиғадан кейін мысығының өліміне не себеп болғанын анықтау үшін полиция шақырылып, тұрғын үйдегі бейнебақылау камералары тексерілген.
Оқиға болған күні мысық таңертең мазасызданып, үйден шыққысы келген екен. Иесінің айтуынша, жануар біраз уақыт терезе алдында отырған. Әйел терезенің жабық тұрғанына көз жеткізгенін де атап өткен.
Арада уақыт өткен соң оның қызы итін серуендетуге шыққан. Сол кезде ол мысықтың төменде жатқанын көріп, анасына хабарлаған.

Жануардың иесі балконның маңында отырған бірнеше егде жастағы әйел баланың мысықты терезеден лақтырып жібергенін көргенін айтқан. Алғашында бұл ақпаратқа күмән келтірген әйел кейін полиция шақырып, үйдегі бейнежазбалар қаралғанын жеткізді.
"10 жастағы бала, шамасы, досына келген. Ол терезені ашып, жануарды 14-қабаттан лақтырып жіберген. Мұны балконның астында отырған әжелер көрген. Басында олардың сөзіне сенбедім. Полиция шақырып, бейнебақылау камераларын тексердік. Шынымен де, бәрі солай болған", – деп жазды тұрғын.
Әйелдің айтуынша, мысықты ол бір жыл бұрын ауладан кішкентай кезінде тауып алған.
Оқиғадан кейін әйел полицияға арыз түсірген.
Кейін әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінде әйел баланың ата-анасына қатысты шара қолданылғанын жазды. Оның мәліметінше, ата-анасына айыппұл салынған, ал баланың өзіне қатысты жаза қолданылмаған.
Оқиғаға байланысты полицияның ресми түсініктемесі әзірге жарияланған жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Қонаев тұрғыны полицияны 19 мысығын заңсыз атып өлтірді деп айыптағаны туралы жазған едік.
"Қырғызстан өзі алға шығу үшін осылай жасады": Сарапшылар көшпенділер ойыны нәтижесіне қатысты пікір білдірді