Аңшылық кезінде танысын абайсызда атып өлтірген қазақстандық жазадан құтылып кетті

Батыс Қазақстан облысында сот аңшылық кезінде танысын абайсызда атып өлтірген азаматқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамай, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын кесті.
Батыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінш, қайғылы оқиға аңшылық кезінде далада болған. Екі таныс аң аулауға шығып, бірнеше қоян атқаннан кейін тынығуға тоқтаған. Темекі шегу кезінде олардың бірі мылтығына жабысқан қарды тазаламақ болған сәтте абайсызда шүріппені басып жіберген. Соның салдарынан оқ екінші адамның іш тұсына тиіп, ол алған жарақатынан көз жұмған.
Тергеу барысында қайғылы оқиға аңшылық кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы салдарынан болғаны анықталды. Күдіктінің әрекеті абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабы бойынша сараланған.
Сот айыпталушының кінәсін толық мойындауын, жасаған ісіне өкінгенін, кәмелетке толмаған балаларының бар екенін және жәбірленуші тарап өкілінің пікірін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмағандықтан, сот оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, осы кезеңде пробациялық бақылауда болуын міндеттеді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында тұрғындарды көшірме ұялы телефондарды түпнұсқа ретінде сатып алдап келген азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Ол келтірілген шығынды толық өтеп, кінәсін мойындағандықтан және асырауында бес кәмелетке толмаған баласы бар екені ескеріліп, 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.