Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тауға шыққан ұлыбританиялық турист селден соңғы сәтте аман қалды

Турист тауда селде қалып қойған
Фото: Видео кадрларынан скрин

Алматы облысында Талғар шатқалында жүрген Ұлыбританиялық турист селден соңғы сәтте аман қалды. Ол шатырда жатқан кезде қатты гүріл естіп, сел жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желілерде өзен арнасынан асып, су, лай мен тастардың екпінді ағыны шатыр тігілген жерді басып қалғаны түсірілген видео тарады.

Туристің айтуынша, ол шатырдың ішінде жатқан кезде қатты гүріл естіген. Осыдан кейін сыртқа жүгіріп шығып, ағаштар тұрған беткейге қарай көтеріліп үлгерген. Алайда аяқ киімін алып шығуға мүмкіндігі болмаған.

Жарияланған мәліметке сәйкес, оқиға 2026 жылғы 1 шілдеде болған. Видео авторы – әлемді аралап жүрген Ұлыбританиялық турист. Куәгерлердің айтуынша, селдің екпінді ағыны оны шатырымен бірге ағызып әкете жаздаған.

Сол Талғар шатқалы Алматы қаласына жақын орналасқан және Іле Алатауы жотасының құрамына кіреді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары сел қаупіне байланысты эвакуацияланып жатқаны туралы жазған едік. Қазақстандықтарға Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты президенттік хабарлама келді.

“Наурызбай ауданында су басу қаупі бар. Бөгетте сүзгілену анықталды. Тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялау қажет”, – делінген хабарламада.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 15:07