Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Bizdin Tandau" партиясының өкілдері президенттік сайлауға қарсылықтарын білдірді

Бүгін, 29 қыркүйекте Алматыда "Bizdin Tandau" партиясының өкілдері күзде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға қарсылықтарын білдірді. Қазіргі заң талаптарында адам құқығын "алалайтын" бөлімдердің бар екеніне тоқталған саясаткер Болат Әбілов сайлау заңнамасын өзгерту қажет екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Биздин тандау Абилов

Әбіловтің сөзінше, заңның көптеген кемшіл тұстары бар. Сөзіне дәйек ретінде ол қазіргі президенттік сайлауға түскісі келетін азаматтарға 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі керек деген заңнаманы келтірді.

"Барша қазақстандықтарға мәлім, мемлекеттік қызмет толығымен жемқорлыққа байланып қалған. Тағы бір мәселе, президенттікке үміткер адам соңғы 15 жылын Қазақстанда сүруі керек дейді. Бұл да дұрыс емес. Мәселен, Қытайдан келген қандастырымыз бар. Сонда олар патриот емес пе? Соңғы 30 жылға елімізге 1,5 млнға жуық қандастырымыз оралды. Олардың да сайлауға қатысқысы келеді. Бірақ оларға мүмкіндік жоқ. Сол себепті сайлауға қатысты заңнаманы өзгертуді талап етеміз", - дейді кәсіпкер.

Саясаткер, "Жас Алаш" газетінің бұрынғы басшысы Ырысбек Сәрсенбай бұл сайлаудың тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дәуіріндегі сайлауды қайталайтынын жеткізді.

"Биліктің сайлауды тезірек ұйымдастырып жатқанының себебі 2025 жылға дейін Тоқаевтың рейтингісі құлдырайды. Ол кезде оған ешкім дауысын бермейді. Тоқаев өзіне де, халыққа да сенім артып отырған жоқ. Сол себепті Назарбаевтың айласына салып, кезектен тыс сайлау өткізіп, билігін орнықтырып алғысы келіп отыр. 7 жыл бір реттік ғана сайлау болады деген, демократияға бет бұру емес. Егер шын мәнінде демократиялық ойлап, саяси өзгерісті қажет деп тапқан болса Тоқаев басқаша жасар еді. Ең алдымен сайлау, партия, жиын бостандығы туралы, конституциялық заңдарды өзгертіп, таза сайлау өткізуге жол ашар еді", - деп жалғады Ырысбек Сәрсенбай.



Партия мүшелері сондай-ақ президенттікке түсу үшін қойылатын жас шектеулерін алып тастап, жас үміткерлердің сайлауға түсуіне мүмкіндік беруге шақырды.

Партия өкілдері осыған дейін президенттік өкілеттік мерзімін өзгерткені секілді депутаттардың бұл шектеулерді бір күннің ішінде алып тастай алатынын атап өтті. "Bizdin Tandau" партиясы тіркеуге екі рет өтініш беріп, екеуінде де қабылданбаған. Осыдан кейін партия Әділет министрлігін сотқа берген, бірақ сот министрліктің сөзін сөйлеген. Енді саясаткерлер бұл шешімге апелляциялық шағым түсіретіндерін жеткізді.

Еске салайық, 1 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында оның бірінші бес жылдық мерзімі тек 2024 жылы ғана бітетініне қарамастан, мерзімінен бұрын президент сайлауын биыл күзде өткізуді ұсынған.

5 қыркүйек күні Алматыда оппозициялық күштердің өкілдері бас қосып, елімізде күзде өтетін кезектен тыс сайлауға катысты үндеуін жасаған. Қоғам белсенділері, журналистер мен саясаткерлер қатысқан жиында оппозиция арасынан ортақ кандидат таңдауға тырысты. Алайда әлі күнге дейін бірде бір кандидат ұсынылмады. Жиынға қатысушылардың көпшілігі журналист, “Дат” газетінің редакторы Ермұрат Бапиды сайлауға қатысуға лайықты азамат ретінде көретіндерін айтқан.

19 қыркүйек күні белгілі саясаткер, журналист әрі қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлин ағымдағы жылдың күзінде мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауға қатысуға ниетті екенін мәлімдеген

Тоқаев 21 қыркүйек күні мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауды 20 қараша күніне белгіледі

Талқылау