"Неге ауа райын ескермеді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың туыстары Ақтаудағы мәйітхана маңына жиналды (видео)
Каспий теңізіндегі әскери жаттығулар кезінде қаза тапқандардың туыстары Ақтаудағы мәйітханаға мәйіттерді тану үшін келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогер Азамат Сәрсенбаев Instagram парақшасында Ақтау қалалық мәйітханасының маңында не болып жатқанын көрсетті.
“Жүздеген адам – қаза тапқан сарбаздардың туыстары мен жақындары мәйітхананың алдына жиналып, әскери қызметкерлердің мәйіттерін тану рәсімін өткізуді талап етті. Қазір жергілікті билік өкілдері қаза тапқан сарбаздардың мәйіттерін тұрғылықты жеріне жеткізуге дайындық жүргізіп жатыр. Мәйіттер мәйітхананың өзінде туыстарына берілмейді”, – делінген жазбада.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов та сарбаздардың мәйіттері қысқа мерзімде тұрғылықты жеріне жеткізіліп, туған-туыстарына тапсырылатынын мәлімдеген.
Қаза тапқан әскери қызметкердің әкесі мәйітхана алдында сұхбат берді. Ер адамның айтуынша, әскери бөлімше өкілі келіп ұлының қазасын естірткен.
"Ұлыңыз мәйітханада жатыр деді. Енді менің балам ба білмей тұрмын, іштен де сырттан да хабар жоқ. Әскери бөлім басшылығы ауа райы жағдайын неге ескермеген?" – дейді ер адам.
Сарбаздың әкесі ұлының бірнеше күннен кейін әскери қызметін аяқтап, үйіне қайтуы тиіс болғанын айтады.
Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 11 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Президент Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскерилердің отбасына көңіл айтты.
25 қыркүйек – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қазақстанда күз келсе де күн неге жаздағыдай жылы: Cиноптиктер себебін айтты
