Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрбір жауапты тұлға қатаң түрде жауап береді": Маңғыстаудағы жағдайға қатысты вице-премьер Бозымбаев мәлімдеме жасады

Қанат Бозымбаев
Фото: Видеодан скрин

Маңғыстаудағы қайғылы жағдайға қатысты премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президенттің тапсырмасымен Қанат Бозымбаевтың жетекшілігімен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. 

“Еліміз ауыр қайғыға ұшырады. Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан он екі әскери қызметкер қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметкерді іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің туған-туыстары мен отбасыларына көңіл айтты. Президент бүкіл Қазақстан халқының қайғысына ортақтасып отыр”, – деді Бозымбаев.

Қазір жағдайға қатысты қылмыстық істер қозғалған.

Тергеу жан-жақты, мұқият әрі қысқа мерзімде жүргізіледі.

“Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасымен үкімет менің жетекшілігімен арнайы комиссия құрылды. Бұл жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер қозғады. Тергеу барысы мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізілетін болады. Қайғылы жағдайға әкелген әрекеттері үшін әрбір лауазымды тұлға заң алдында қатаң түрде жауап беретін болады. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызмектердің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, барлық қажетті көмек көрсетіледі”, – деді вице-премьер. 

Вице-премьер тергеу барысы мен отбасыларды қолдау жұмыстарын жеке бақылауына алған.

Еске салсақ, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы үш әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. 

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Президент Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан әскерилердің отбасына көңіл айтты.  Артынша 25 қыркүйек – Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 22:55