Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Қазақстанды 2029 жылға дейін басқарады: Президентке кезектен тыс сайлау өткізу не үшін қажет?

Бүгін, 1 қыркүйек күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүкілхалықтық жолдауы барысында биылғы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Сондай-ақ ол президент мандатын ұзақтығы 7 жыл болатын бір ғана мерзіммен шектеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының бұл ұсынысы қоғамда қызу талқыға түсті. Сарапшылар қазіргі саясатта Тоқаевпен ашық бәсекеге түсетіндердің некен-саяқ екенін алға тартады. Stan.kz тілшісі президентке кезектен тыс сайлау өткізудің қажеттігін анықтау үшін саясаттанушылардың пікірін жинады. 

Тоқаев

"Тоқаев тағы да бәрінің алдын орап кетті"

Қазақстандық саясаткер Данияр Әшімбаев қазіргі таңда Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу, президенттік мерзімін ұлғайту және өкілеттіктерді бір мерзіммен шектеу туралы бастамасы басты назарда тұрғанын айтады.

Әшімбаевтың айтуынша, бұл шешім негізгі заңның 41 және 42-баптарына өзгерістер енгізуді қажет етеді. Алайда биылғы күзде сайлау өткізу үшін парламентке өзгерістерді қабылдау керек болады.

"Тоқаевтың қазіргі өкілеттігі 2024 жылдың жазында, ал егер өкілеттілігі созылар болса онда 2029 жылдың жазында аяқталады. Бір ғана мерзіммен 7 жылға сайлану арқылы сайлау өткізу оған 2029 жылдың күзіне дейін елді басқаруға мүмкіндік береді. Желтоқсанның бірінші жексенбісінде өтетін сайлау туралы конституциялық норма қолданылатын да шығар. Ондай жағдайда сайлау 4 желтоқсанда өтуі мүмкін", – деп болжайды сарапшы.

Дегенмен Тоқаевқа кезектен тыс сайлаудың қажеті қанша деген заңды сұрақ туындайды. Әшімбаев өз кезегінде қазіргі саясатта Тоқаевқа балама жоқ екенін, онымен ашық бәсекелесе алатындардың қарасы аз екенін жеткізді.

"Сайлау шын мәнінде статус-квоны түзетеді, өте күрделі сыртқы экономикалық және геосаяси жағдайда халықтық мандатқа арқа сүйеп, реформаларды тып-тыныш жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге ол мұрагерлік немесе 2024 жылғы сайлауға сырттан қатысатын президентке қарсы коалиция құру тақырыбында элитадағы ойынды алып тастауда. Тоқаев тағы да бәрінің алдын орап кетті", – деп түсіндірді саясаткер.

Белгілі саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев президенттің кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімінде түсініксіз жайттар көп екенін айтады.

"Кезектен тыс парламенттік сайлау бойынша барлығы түсінікті, қалай болғанмен де зейнеткердің ескі кадрларынан құтылудың жолын ойластыру керек. Ал кезекті сайлауға бір жарым жылдан сәл ғана астам уақыт қалғанын ескерсек, кезектен тыс президенттік сайлау өткізудің қандай мәні бар?" – деп таңданады Бейсебаев.



Саясаттанушы өткен референдумда президенттің супер өкілеттігі бекітілгенін және осы референдумнан кейін қазіргі президент сенім мандатына толығымен ие болғанын еске алады.

"Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың одан сайын ушыға түсетінін жоғары жақтағылар түсініп, соған орай алдын ала әрекетке көшулері мүмкін. Сондықтан олар халықты қолдау үшін жалақыны көтеру және басқа да әлеуметтік шараларды жариялады. Осы себепті де олар сайлауды тез өткізгілері келеді", – деп қосты ол.

"Бәрі әділетті"

Қазақстандық саясаткер, парламент мәжілісінің VII шақырылымының депутаты Айдос Сарым ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында бүкіл қоғамның өзгерісті күтіп отырғанын айтады. Президенттің жолдауда айтқан сөзіне сүйенген Сарым жаңа өзгерістерді жасау үшін Тоқаевқа мандат керек екенін жеткізген.

"Президент мәжіліс сайлауының 2025 жылға қарай болатынын айтқан. Алайда көпшілігі жаңашылдықтардың қазір болғанын қалайды, біразының сайлауға түскісі келеді. Сондықтан менің ойымша бәрі әділетті. Алдын ала жария етілді. Саяси ортаға келгісі келетін партияларға да жаңа мүмкіндік туады", – дейді Сарым.

Журналист депутаттан президенттік сайлауға қатысқысы келетін басқа үміткерлер үшін бұл қаншалықты әділетті болады, олар дайындалып үлгереді ме деп сұраған. Сарымның ойынша, саясатта амбициясы бар азамат сайлауға ертең де, одан ертесі күні де дайын болуы тиіс. Ол сайлауға түскісі келетін азаматтардың қол жинап, өз штабын құруы үшін еркін уақыт болатынын атап өтті. Сондай-ақ Сарым сайлау кезінде қазіргі мемлекет басшысын қолдайтынын ұқтырған.



"Біз оның партиясы, саясаттағы арқауы болған соң бізде қоғаммен салыстырғанда таңдау аз", - деген ол.

"Үшінші президент те екінші мерзімді қалап тұрады"

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Тоқаевтың ұсыныстары бойынша үшінші президент 2022-2029 жылдар аралығында қай жылы сайланса да, тек бір жеті жылдық мерзімге сайланған ол екінші мерзімге қайта сайлануды қатты қалайтынын айтады. Содан кейін конституциялық реформаны қайта өзгертіп, "жеті жылдан бір мерзім емес, бес жылдан екеу немесе үш жылдан төртеу" деп ұмтылатынын ескертеді.

"Егер азамат бір мерзіммен жеті жылға президент болып сайланған жағдайда оның билігі кезінде қабылданған шарттарды өзгертетін кез келген түзетулердің оған ешбір жағдайда қатысты болмайтын механизмді қарастыру қажет", –  дейді Әбішев.

"Сайлауды қазір өткізу алдымен Тоқаев үшін қауіпті"

Журналист Мұхтар Түменбай “қаңтар” қасіретінен әлі айықпаған шақта сайлау өткізу алдымен президенттің өзіне қауіпті екенін айтады. Сөзінше, халықтың біршама бөлігі қанды қырғында бүлікші элиталық топтармен бірге президенттің де кінәсі бар деп есептейді.

"Осындай жағдайда сайлау өткізу – үлкен әрі қауіпті тәуекел. Олай болса, Тоқаевқа кезектен тыс сайлау несіне керек? Жауап біреу ғана. Оған бастаған реформаларын аяғына жеткізу үшін уақыт керек. Ал ол жоқтың қасы. Ашық, бүкпесіз 7 жыл сұрап отыр. Және соның кепілі ретінде президенттік мандатты заң негізінде бір мерзіммен шектеймін деді. Мұнысымен Тоқаев қалың халыққа ресми түрде келісімшарт жасасуды ұсынып отыр",  – дейді ол.

Талқылау