Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кешірім бер деп сұрамаңдар": Фариза Алмасқызы Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты пікірлерге жауап берді

Нұрсұлтан Жақсыген / Фариза Алмасқызы
Фото: Instagram.com/fariza.almazovna

Актер Нұрсұлтан Жақсыгеннің экс-әйелі Фариза Алмасқызы әлеуметтік желіде өзі мен бұрынғы жұбайына қатысты айтылып жатқан пікірлерге байланысты мәлімдеме жасады. Ол соттан кейін жағдай тынышталады деп ойлағанын, алайда керісінше, әлеуметтік желідегі талқылау мен түрлі пікірлердің көбейгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фариза оқырмандарынан әртүрлі жазбалар мен видеолар келіп жатқанын жеткізіп, кей адамдардың Нұрсұлтанды жақтап, оны ақтап алуға тырысып жатқанын жазды.

“Мына негативтің бітетін түрі жоқ. Сот біткеннен кейін барлығы тынышталатын шығар десем, керісінше ушығып жатқан сияқты. Оқырмандарым неше түрлі жазбалар жіберіп жатыр. Әркім әртүрлі қылып салған. Біреуі “Нұрсұлтанды қорғап, ақтап шығамын” дейді. Оның адвокаттары да “Осының барлығын Фариза әдейі жасаған шығар” деп жатыр екен”, – деп жазды ол.

Оның сөзінше, бұл жағдай ұзақ уақыттан бері өзіне ауыр тиіп келеді. Фариза мәселені жария етуінің мақсаты біреуді қаралау емес, өзін қорғау және әділдікке қол жеткізу болғанын атап өтті.

“Шынымды айтсам, барлығынан шаршадым. Мен халықтан көмек сұрап, әділдікті талап етіп, намысымды қорғаған қызбын. Оның әке-шешесіне де, Нұрсұлтанның өзіне де ешқашан тіл тигізіп, жеке басына тиісіп, ауыр сөздер айтпағанмын. Өзі екі жыл бойы қоймағаннан кейін заңға жүгініп, өзімді қорғамасқа амалым қалмаған. Енді өзі әділетті түрде жазасын алу керек. Кешірім бер деп сұрамаңыздар”, – деді ол.

Сондай-ақ Фариза Алмасқызы өзіне “ол да қазақтың баласы” деп кешірімге шақырып жатқандарға жауап берді. Ол мұндай сөздердің өзінің көрген қорлығы мен жан күйзелісін жоққа шығаратындай әсер қалдыратынын айтты.

“Ол да қазақтың баласы ғой дейді. Мен ше сонда? Орыстың қызымын ба? Менің ар намысым, қанша жыл бойы көрген қорлығым, жазықсыз жапқан жала, ата анама ауыр тіл тигізгені, бәріне көз жұмып қарай сал деп тұрсыздар ма? Бір күн тыныштық бермеді ғой, айналайындар-ау. Әлде тек әйел адам қиналып, азапталып өлсе ғана еркек жазалануы керек пе? Бұл сіздер үшін жәй нәрсе ме? Әлі күнге дейін біраз нәрсе жасырып отырмын. Сіздер естімеген, көрмеген қаншама нәрсе бар. Ақ қарасын білмей жатып, орынсыз сөйлеуді қойыңыздар!” – деп жазды ол.

Фариза Алмасқызы пікірі
Фото: Instagram.com/fariza.almazovna

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы, яғни онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп танығаны хабарланған еді.

Сот үкімімен ол 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 22:16