Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Футбол жанкүйерлері Әлем чемпионаты финалының билеттеріне қанша ақша жұмсады

ӘЧ билет бағасы
Фото: bloomberg.com

Күллі футбол жанкүйерлерін әлемнің түкпір-түкпірінен жинаған Әлем чемпионаты көпшіліктің қалтасын қақты. Билет бағасы әу баста 28 мың теңгеден басталса, финалға жақындағанда 5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) билеттерді төрт санатқа бөлді.

The Athletic сайтында бастапқыда 2026 жылғы әлем чемпионатының ең арзан билетінің бағасы 60 доллар, яғни 28 мың теңге болды. Турнир қожайындары, соның ішінде АҚШ құрамасының топтық кезеңдегі матчтарына билеттердің құны 560 доллардан 2735 долларға (263 104-1 284 985  теңге) дейін жетті.

Ширек финал ойындарына билеттер 275-1690 доллар (129 203-794 012 теңге) жартылай финалдарға 420-2780 доллар (197-1 306 127 теңге) аралығында, ал үшінші орын үшін өтетін матчқа 165-1000 доллар (77 521-459 830 теңге) аралығында сатылды.

Ал Нью-Джерсидегі стадионда өткен финалдық матчқа бірінші санаттағы билет 6370 доллар (2 992 817 теңге), екінші санат – 4210 доллар (1 977 984 теңге), үшінші санат – 2790 доллар (1 310 825 теңге), ал төртінші санаттағы билет 2030 доллар (953 754 теңге) болған.

Алайда кейін FIFA билет бағасын бірнеше рет көтерді. Мәселен, мамыр айында финалға арналған бірінші санаттағы билеттің бағасы 32,97 мың долларға (15 490 295 теңге) дейін өсті.

FIFA-ның ресми сайтынан билет сатып алу қиын болғандықтан, олар түрлі қайта сату платформаларында жоғары бағамен ұсынылды. Тhe Guardian баслымының мәліметінше, сәуір айында FIFA-ның ресми қайта сату сайтында финалға арналған төрт билет әрқайсысы 2,3 миллион доллардан (1 080 609 000 теңге) сатылымға шыққан. Ал мамырдың соңында Skysports басылымы сол платформада финалдық матчтың бір билеті 11,5 миллион долларға (5 403 045 000 теңгеге) ұсынылғанын жазды.

Бірақ 18 шілде күні Нью-Джерси штатының Ист-Ратерфорд қаласында өткен әлем чемпионатының финалына билет бағасы өте қымбатқа сатылды. AP басылымының мәліметінше, сенбі күні таңертең FIFA-ның ресми билет қайта сату сайтында қақпа артындағы ортаңғы қатар орындарының ең арзан билеті 6411,25  доллар (3 005 984 теңге) тұрған. Алайда түске қарай олардың барлығы сатылып кеткен.

Жоғарғы қабаттың бұрыш бөліктеріндегі орындар 10 мың долларға (4 698 300 теңге) жуық бағаланған. Алаңға жақынырақ орын алғысы келген жанкүйерлер билетті шамамен 16 мың долларға (7 517 280 теңге) сатып алды. Ал VIP-аймақтағы орындардың бағасы 60 мың долларға (28 189 800 теңге) жуықтаған.

SeatGeek және StubHub сияқты басқа билет сату платформаларында да жоғарғы қабат билеттері 10 мың доллардан басталған. Ал төменгі қабаттағы кейбір орындардың құны 35 мың долларға (16 444 050 теңге) дейін жеткен.

Футбол жанкүйерлері BBC жасаған сауалнамада билет бағасы қанша қымбат болса да, ақшаның көзіне қарамай сатып алғанын айтты.

“Бұл ақпаратты айта алмаймын. Бір билетке 8 мың доллар төледім”, “Билет үшін 8 мың доллар төледім. Бірақ мұндай мүмкіндік өмірде бір-ақ рет болады ғой. Сондықтан келуім керек болды”, “Меніңше, шамамен 5 мың доллар болды”, “Билетті 5 мың долларға алдым. Көптеген достарым 10 мың долларғасатып алды”, “Бақытыма қарай, таныстарымның арқасында билет ала алдым”, “Нақты білмеймін”, “Шамамен 8-9 мың доллар”, “30 мың доллардан да көп жұмсадым”, “Мен 10 мың долларға сатып алдым”, – дейді жанкүйерлер.  

Еске салсақ, 12 маусым күні Мехикода футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының ашылу салтанаты өткен еді. Биылғы әлем чемпионаты әлем футболы тарихындағы ең қымбат әрі ең ауқымды турнир. АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатқан турнирде алғаш рет 48 құрама өнер көрсетті. Олар 12 топқа бөлінді. 19 шілде күні ақтық финалда Аргентина мен Испания құрама командасы кездесіп, 0:1 есебімен Испания құрамасы Әлем чемпионы атанды

Бұған дейін "Қайрат – Реал Мадрид" ойынына билеттер ең арзаны 236 мыңнан басталып, 2 млн теңгеден аса бағаланып, сатылған еді. Танымал әнші Нұрлан Еспановтың ұлы Олжас Еспанов Алматыда өтетін “Қайрат” – “Реал” матчына билет сатамын деп сынға қалды

Өнер иесінің ұлы бірнеше билет сатып алған.

“Бір билет бағасы – 600 мың теңге. 500 мыңдық билеттер де бар. Билеттер қайта сатылымға шықты. Аз-маз саудасы бар. 34-сектор, 9-қатардан екі билет бар. Әрқайсысы 500 мың теңгеден болады. “Қайрат” клубының мүшелеріне шақыру билеттер. ЖСН жазып керек емес, сканерлеп өте бересің”, – деп жазды Олжас. 

Одан кейін Сәкен Майғазиевтің ұлы да билет сататынын жариялады. 

“9, 14, 1, 8-қатарлардан билеттер бар. 350 мың теңгеге беремін. Тездетіп жекеме жаза қойыңдар”, – деп жазды Әділет Майғазиев.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 20 Шілде, 2026 15:36