Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Америкада тарихтағы ең қымбат футболдан әлем чемпионаты басталды: Алғашқы ойында Мексика жеңіске жетті

Әлем чемпионатының ашылу салтанаты
Фото: REUTERS

Мехикода футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Биылғы дода алғаш рет бірден үш елдің аумағында – АҚШ, Канада және Мексикада ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bbc.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Турнирдің ресми ашылу рәсімі де үш қалада өтеді. Алғашқы салтанатты шара Мехикода ұйымдастырылды. Қалған екеуі жұма және сенбі күндері Торонто мен Лос-Анджелесте өтеді.

Шакира мен рэпер Burna Boy өнер көрсетті
Фото: REUTERS

ФИФА президенті Джанни Инфантино турнир басталар алдында бұл чемпионаттың тек спорттық жарыс емес, үш елдің мәдениеті мен бірлігін көрсететін ауқымды мереке болатынын айтқан еді.

“Бұл рәсімдер музыка, мәдениет пен футболды біріктіреді. Әр елдің өзіндік болмысын да, осы турнирді айқындайтын ортақ бірлікті де көрсетеді. Бұл – шын мәнінде жаһандық мерекені бастаудың әсерлі жолы”, – деді Инфантино.

Шакира мен рэпер Burna Boy өнер көрсетті
Фото: REUTERS

Ашылу салтанатынан кейін Мехикодағы әйгілі “Ацтека” стадионында алғашқы матч өтті. Турнирдің шымылдығын Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары ашты.

Кездесу Мексика құрамасының жеңісімен аяқталды. Алаң иелері ОАР-ды 2:0 есебімен ұтып, әлем чемпионатын сәтті бастады.

Фото: EPA/SHUTTERSTOCK

2026 жылғы әлем чемпионаты әлем футболы тарихындағы ең қымбат әрі ең ауқымды турнир ретінде аталып отыр. Биылғы дода аясында барлығы 104 матч өтеді. Ойындар 16 қалада ұйымдастырылады. Стадиондардың басым бөлігі АҚШ аумағында орналасқан.

Финал 19 шілдеде Нью-Йоркке жақын орналасқан Нью-Джерси штатындағы MetLife стадионында өтеді.

Андреа Бочелли мен EJAE өнер көрсетті
Фото: REUTERS

Биылғы чемпионатқа рекордтық көрсеткіш – 48 құрама қатысып жатыр. Бұған дейін әлем чемпионатының финалдық кезеңінде 32 команда ойнайтын. Қатысушылар санының артуына байланысты биыл бірнеше құрама алғаш рет мундиальге жолдама алды.

Олардың қатарында Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао құрамалары бар.

Ал төрт дүркін әлем чемпионы Италия үшін бұл жолғы іріктеу кезеңі тағы да сәтсіз аяқталды. Италиялықтар қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне өте алмады.

Ресей мен Беларусь құрамалары іріктеу кезеңіне қатысқан жоқ. Олар 2022 жылы Ресейдің Украинаға толық ауқымды басып кіруінен кейін халықаралық жарыстардан шеттетілген.

Мехикодағы алғашқы ойын Латын Америкасындағы ең ірі стадиондардың бірі саналатын “Ацтекада” өтті. Бұл арена 87,5 мың көрерменді сыйдыра алады.

Фото: REUTERS

Канада құрамасы жұма күні Торонтода Босния және Герцеговинамен кездеседі. Ал АҚШ құрамасы сенбі күні Лос-Анджелесте Парагвайға қарсы ойнайды.

Фото: FIFA VIA GETTY IMAGE

Дегенмен турнир басталмай жатып ұйымдастырушыларға сын да айтылды. Жанкүйерлер билет бағасының тым қымбат екенін, сондай-ақ қонақүй, көлік және басқа да қызметтердің құны шарықтап кеткенін айтып наразылық білдірді.

Жанкүйер
Фото: NURPHOTO VIA GETTY IMAGES

Мехикодағы ашылу салтанаты қарсаңында наразылық акциялары да күшейген. Кейінгі аптада қалада бірнеше шеру өткен. Сейсенбі күні мыңдаған адам стадионға апаратын даңғылды жауып тастаған. Алайда полиция қоршауынан өте алмаған.

Мехикодағы наразылықтар
Фото: REUTERS

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұл акцияларды арандату деп атап, алғашқы матч қандай жағдай болса да өтетінін мәлімдеді.

Жанкүйер
Фото: GETTY IMAGES

Турнирге дайындық кезінде тағы бір дау шықты. Сомалилік төреші Омар Артанға АҚШ билігі елге кіруге рұқсат бермеген. Оның айтуынша, әуежайда 11 сағат бойы сұраққа алғаннан кейін Стамбұлға ұшатын рейске отырғызған.

Артан былтыр Африканың үздік төрешісі атанған. Ол әлем чемпионатының финалдық кезеңінде төрелік ететін алғашқы сомалилік арбитр болуы керек еді.

Кейін төреші Могадишоға оралды. Оны елінде мыңдаған адам күтіп алған.

“Мен келесі әлем чемпионатына қатысамын және Сомалидің абыройын асқақтата беремін. Басымнан өткен жағдайға қарамастан, үмітімді жоғалтпаймын”, – деді Омар Артан журналистерге.

Әлем чемпионатының ашылу салтанаты
Фото: REUTERS

Осы оқиғадан кейін оны әлем чемпионатын бірге өткізіп жатқан елдердің бірі – Канада шақырғаны хабарланды.

ФИФА президенті Джанни Инфантино бұл жағдайды өкінішті деп атады. Бірақ халықаралық федерация әр елдің көші-қон саясатына араласа алмайтынын айтты.

“Омар Артанға қатысты болған жағдай да өкінішті. Бірақ біз бәрін бақылауда ұстай алмаймыз. Біз әрдайым шешім табуға тырысамыз. Дегенмен біз үкіметтер мен полицияға өз еркімізді жүргізетін әлем әміршісі емеспіз. Біз бар болғаны спорттық ұйымбыз”, – деді Инфантино.

Иран құрамасы
Фото: GETTY IMAGES

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін ФИФА президентімен жақсы қарым-қатынаста екенін айтып, 2026 жылғы әлем чемпионатының матчтарына баруға ниетті екенін жеткізген. Алайда нақты қай ойындарға қатысатынын айтқан жоқ.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 12 Маусым, 2026 10:08