Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамның кеудесіне не дін кіреді, не жын кіреді": Айнұр Тұрсынбаева президентке үндеу жолдады

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева мемлекет басшысына үндеу жолдады. Айтыскер әйелдер шеруін сөз етіп, орамал таққан қыздардың мәселесін айтып өтті. Мемлекет басшысынан оранған қыздардың құқығын қорғауды талап етті. 

"Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Кешеден бері шуылдап жатқан әлеуметтік желідегі жағдайды оқып жатқан боларсыз. Әйелдер ас үйде отыра алмаймыз деп алаңға шығып кетті. Туларын желбіретіп алаңға шыққан феминистердің арасында әйел мен әйелдің төсектес болуына рұқсат сұрап жүргендер де бар екен. Шындығында олар рұқсатсыз-ақ қосылып жатыр. Сонда алаңға айқайлап шығып неге құқығымыз қорғалмады деп шыңғырып жүр? Онсыз да білгендерін жасап жатқан жоқ па?! Менің айтайым дегенім мүлде басқа әңгіме.

Мен шет елге жиі ұшамын. Ұшып бара жатып та, келе жатып та түрлі кедергіге жиі тап боламын. Жұрттың бәрі емін-еркін өтетін шекарадан мені жеке өткізеді, арнайы формадағы қызметкерлер жеке бөлмеге апарып біраз тергеп барып жібереді. Қайта-қайта қайталана берген соң неге бұлай боп жатқанын сұрастырдым. Сөйтсем бәріне “кінәлі” басымдағы ақ жаулығым екен. Мен орамал таққалы қоғамға қауіп тудырып жүр екенмін. Мен бір кездері телевизия саласында жұмыс жасадым. Сол кезде де орамалым үшін қайта-қайта сөз естуге мәжбүр болып, ақыры кетіп тынғанмын. Орамал таққан қыздардың Қазақстанда жұмысқа кіре алмай шет елге көшіп кетіп жатқанын да білемін", - деп жазды Тұрсынбаева.



Айтыскер әйелдермен төсектес болуға рұқсат сұрап жүргендердің шектен шыққанын көрсетті. Олардың емес, ақ жаулықты қыз-келіншектердің құқығын қорғауды сұрады. 

"Құрметті Президент! Қазақстандағы орамалды қыздардың құқығын сіз қорғамасаңыз, кім қорғайды?! Олардың ер азаматты аттап өтіп, аттандап алаңға шығуға ұяты жібермейді. Қазақ тарихында елеулі із қалдырған Домалақ ана, Бопай ханшайым, Әлпеш ана, Гаухар ана, Ұлбике, Сара ақындар ақ жаулықтарына адалдық танытып алаштың аналарына айналған жоқ па?! Шаштарын қызыл-жасылға бояп даналықты дәріптеген кім бар?! Алланың әміріне бойұсынып жүрген арулар ертең елдің тұтқасы болар адал ұлдарды дүниеге әкелмей ме?! Адамның кеудесіне не дін кіреді, не жын кіреді. Қоғамға қайсысы қауіпті?! Біз сіздерге арқа сүйейміз. Кешеден бері инстаграм әнші қыздардың посттарын өшіріп тастап жатыр. Неге?! Себебі қазақ сияқты текті халықтың рухын таптауға әлем қыздарымыз арқылы кірісіп жатыр! “Жатыр өзімдікі” деп жар салғызудың артында қазақты тамырымен құрту саясаты жатыр. Осы мәселе осы күйінде қалмаса екен", - деп жазды айтыскер жеке парақшасында.

Желідегі оқырманы бірауыздан қолдап, пікір жазды. 

"Өте орынды жауап бердіңіз, олар ұлтты ойлап тұрған жоқ", "Айнұр ханым, сіздің шырылдаған үніңіз Президентіміздің құлағына жетсе екен", "Дұрыс кезектесіп ұрандатыңдар. Жарадыңдар", "Бұл шындық. Мен Қазақстанда орамалмен қазіргідей еркін жүре алмас едім. Мүмкін әр қызға әрқалай шығар. Қазір араб мемлекетінде, Абу-Дабиде оқып жатырмын. Бұл жақта керісінше қысқа ашық кигенді құптамайды", "Алаңға шыққан үлкен ақыл тоқтатқан жастағы апалар мен аналарды көргенімде жағамды ұстадым", "Әшейінде үй бер, жұмыс бер деп үкіметтен сұраған көп балалы аналарға зомбылық көрсетіп, қолдарын қайырып жан-жақтан қыспаққа алатын полицейлер қайда? Неге оларды тайраңдатып алаңға шығарып қойған?", "Машалла, керемет айттыңыз, Алла разы болсын!", - деп жазды олар.

Талқылау
Пікір
миран
22 Мам, 21 жыл - 20:18

дінге кіргендердің санасы біртіндеп өзгеріп кейіннен қоғамға қауіп төндіретін болғандықтан көптеген елдерде исламға қатаң тиым салынды. кәзір қазақстандақтардың да санасы толық уланып бітуге таянды. жас сәбилерді де намазға жығып жатыр. күнәсіз сәбиді дінғе итермелеу кімге пайдалы… ойланыңдар