Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

43 өлшемді аяқкиімге телефон жасырып, ҰБТ-ға кірмек болған түлек ұсталды

43 өлшемдегі аяқ киім
Фото: magnific.com

Ұлттық тестілеу орталығы 2026 жылғы ҰБТ кезінде талапкерлердің тыйым салынған заттарды алып кіру үшін түрлі айлаға барғанын мәлімдеді. Солардың бірі бойы аласа түлектің 43 өлшемді аяқкиімнің ішіне смартфон жасырып кірмек болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекованың айтуынша, талапкерлер жыл сайын тыйым салынған заттарды жасырудың жаңа тәсілдерін ойлап табады.

"Биыл смарт көзілдірікті алып кіруге әрекет жасалды. Сондай-ақ телефонды шашқа тағылатын резеңкенің ішіне жасыру фактілері тіркелді. Бұдан бөлек, бойы аласа қыз 43 өлшемді аяқкиім киіп келген. Кейін оның ішінен смартфон табылды", – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерді академиялық адалдық қағидаларын сақтауға шақырды.

Айта кетейік, 2026 жылғы негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Осы кезеңде тестілеуге 233 мың талапкер қатысып, екі мүмкіндік есебімен емтихан 422 мың рет тапсырылды.

Жалпы ҰБТ барысында 890 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болған 522 талапкер тестілеу тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) бейнебақылау жазбаларын тексеру нәтижесінде бір талапкердің нәтижесі жойылды. Тестілеу барысында талапкерлерге смартфон, смарт сағат, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка секілді тыйым салынған заттарды алып кіруге және пайдалануға тыйым салынады. Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнебақылау жазбаларын тексеруді жалғастырады. Егер осы кезеңде ереже бұзу фактілері анықталса, талапкердің тест нәтижесі жойылады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 16 Шілде, 2026 17:50