16 бала жылдар бойы адам төзгісіз жағдайда, жарықсыз жерде өмір сүрген

АҚШ-тың Огайо штатында полицейлер адам шошырлық жағдайдың бетін ашты. Қарапайым үйлердің біріне тексеріспен барған тәртіп сақшылары тар әрі лас бөлмеде жылдар бойы қамалып келген 16 баланы тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2026 жылғы 30 маусымда болған. Полицейлер Элизабет Сайдерс пен Гэри Сайдерс есімді ерлі-зайыптының үйіне басқа тергеу ісі аясында барған. Алайда үй ішінен көрген жағдай тіпті тәжірибелі тергеушілердің өзін есеңгіреткен.
Үйдегі шамамен 13 шаршы метрлік бөлмеде жасы бір жарымнан 18 жасқа дейінгі 16 бала отырған. Бөлме лас, адам төзгісіз жағдайда болған. Тергеу деректеріне сүйенсек, балалар кемінде төрт жыл бойы қалыпты тамақсыз, таза сусыз және күтімсіз өмір сүрген. Олардың ешқайсысы мектепке бармаған.
Кейбір балалар сөйлеуді де үйренбеген. Ал ең үлкен баланың дамуында тежеліс байқалған. Ол тіпті өз атын жаза алмаған. Құтқарылғандардың екеуі шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Тағы бір бала жансақтау бөліміне түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
ОқыңызОгайо штатының бас прокуроры Энди Уилсонның айтуынша, құтқару жұмыстары бір тәулікке кешіккенде, бір немесе бірнеше баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмауы ықтимал еді.
Кейін прокурор бұл жағдайды “таза зұлымдық” деп атады. Ал Винтон округінің шерифі Райан Кейн үй ауласындағы мал балаларға қарағанда жақсы жағдайда ұсталғанын айтқан.
Осы оқиғаға байланысты үйде тұрған төрт ересек адам қамауға алынды. Олар – 33 жастағы Элизабет Сайдерс, 36 жастағы Гэри Сайдерс, сондай-ақ Гэридің ата-анасы, 73 жастағы Гэри Сайдерс-старший мен 67 жастағы Кристина Сайдерс. Олардың әрқайсысына балалардың өміріне қауіп төндірді деген айып тағылған. Алайда төртеуі де өз кінәсін мойындамаған.
Кейін денсаулығына байланысты Гэри Сайдерс-старший қамаудан босатылды. Оның ауыр сырқаты бар екені және оны қамауда ұстау тым көп шығын талап ететіні айтылған.
Сот құжаттарына сәйкес, құтқарылған балалардың арасында 16, 15, 14, 13, 11, 10, 8, 6 және 5 жастағы балалар бар. Сонымен қатар төрт жастағы, екі жастағы және бір жастағы үш жұп егіз де болған.
Қазір барлық 16 бала Винтон округінің балаларға қызмет көрсету агенттігінің қамқорлығына алынған. Оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көпшілік жылдар бойы осынша баланың ауыр жағдайда өмір сүргенін неге ешкім байқамағанын түсіне алмай отыр. Бұрынғы ФБР агенті Дженнифер Коффиндафердің айтуынша, отбасы жиі көшіп-қонып, билік органдарынан жасырынып жүрген. Олар балаларға құжат рәсімдемеген және мектепке тіркемеген.
Огайо штатының бас прокуроры Энди Уилсон да ерлі-зайыптылардың балаларды көзден таса ұстауға тырысқанын мәлімдеді.
Көршілер бұл үйде мұнша баланың бар екенін мүлде білмегенін айтады. Олардың сөзінше, балалар сыртқа шықпаған, көпшілікке көрінбеген. Тек жергілікті дүкен қызметкері Ариэль Гутьеррес қана ерлі-зайыптылардың кейде дүкенге бір баланы ертіп келетінін айтқан.
Оның сөзінше, бала өте арық болған, бетін шашымен жауып жүретін және оған бөгде адамдармен сөйлесуге рұқсат берілмеген. Дүкен қызметкерлері отбасыға аяушылық танытып, кейде киім-кешек пен гигиеналық заттарды тегін берген. Бірақ олардың бұл көмекті пайдаланғанын ешкім көрмеген.
Оқиға жария болғаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі қауесет тарады. Кейбіреулер балалар темір торда ұсталды, ауыздары скотчпен жапсырылды деп жазған. Алайда округ прокуроры Билл Арчер бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, іс адам саудасымен байланысты емес, тек отбасы ішіндегі ауыр жағдай ретінде қаралып жатыр. Сондықтан жергілікті тұрғындарға қауіп жоқ.
Тергеу мәліметінше, балаларға қарау жағдайы Гэри Сайдерс-старший инсульт алғаннан кейін күрт нашарлаған болуы мүмкін. Гэри мен Элизабет 2008 жылы үйленген. Ол кезде Гэри 18 жаста, ал Элизабет 15 жаста болған. Отбасы таныстарының айтуынша, Элизабет тұрмысы қиын отбасынан кетіп, күйеуінің ата-анасының үйінде тұра бастаған.
Алғашында бұл қарапайым америкалық отбасы болған. Үйдегі балалар мектепке барып, қалыпты өмір сүрген. Алайда жылдар өте Гэри Сайдерс-старший инсульт алып, оның денсаулығы мен ойлау қабілеті нашарлаған. Кристинаның да денсаулығы сыр бере бастаған. Туыстарының пікірінше, осыдан кейін үйдегі тәртіп пен балалардың күтімі мүлде нашарлап кеткен.
Сонымен қатар тергеу барысында ерлі-зайыптылардың бұдан да көп баласы болуы мүмкін екені айтылды. 2022 жылғы қарашасда Элизабет сиам егіздерін дүниеге әкелген. Қыз балалар жүктіліктің 24-аптасында туған, дәрігерлердің әрекетіне қарамастан, оларды аман алып қалу мүмкін болмаған.
Элизабеттің ағасы бұл жағдайға әйел мен оның күйеуінің ақыл-ой деңгейінің төмендігі себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Ал отбасының тағы бір туысы Ронни Флетчер үйде мұнша көп баланың тұрып жатқанын білмегендерін жеткізді. Оның айтуынша, олар тек екі-үш баланы ғана көрген, оның өзі көп жыл бұрын болған.
“Егер біз ол үйде жағдайдың осындай екенін білсек, міндетті түрде бір шара қолданар едік. Кем дегенде барып, балаларды алып кетуге немесе көмектесуге тырысар едік”, – деді ол.
Көкжайлаудағы QR-код жұртты шулатты: Аумаққа кіру ақылы болып кетті ме