"Жедел жәрдем көлігі жоқ": Ұланғасыр Қами туған ауылының әкіміне үндеу жасады
Танымал хитмен Ұланғасыр Қами бейнебаян түсіріп жүріп, ауыл тұрғындарының мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/ulangasyrqamiev/
Өнер иесі Ақсу-Аюлы ауылында бейнебаян түсірген еді.
“Бір айта кететін жайт бар. “Такая Жанара” әнінің бейнебаянына жедел-жәрдем көлігі керек болған. Бірақ ауылдан көлікті таппадық. Осы жылы медициналық пункт ашылған. Көліктің гаражы да бар. Бірақ көлік жоқ. Менікі жай ғана клип екені түсінікті. Алайда ауылдағы кісілер ауырып қалып жатса, оқыс оқиға болса қалай көмектеседі?! Оқыс оқиға демекші, ондай жағдай болыпты. Бір кісі ауырып қалған. Ауданға апарайын десе, жедел жәрдем көлігі жоқ екен. Сол үшін кәдімгі көлікпен апаруға тура келіпті. Клип түсіремін деп осы жайтты көріп қалдым. Жоғарыдағы ағалар, назарға алыңыздар!”, – деді әнші.
Еске салайық, ШҚО-да жедел жәрдем қызметі зейнеткерді жүк көтергішпен тасымалдағанын жазған едік.
Қалың қардың кесірінен жедел жәрдем көлігі шақырту орнына жете алмаған, ал егде жастағы әйелге көмек керек болған. Медицина қызметкерлері жолға жаяу шығып, егде жастағы әйелді жүк көтергіштің артқы жағында тасымалдауға тура келген.