“Жауапқа тартамыз”: Үкімет басшысы арзандатылған дизельдің шаруаларға уақытылы жеткізілмейтінін сынға алды
Премьер-министр Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығындағы дизель тапшылығына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет басшысының сөзінше, жанармай тапшылығына, әсіресе егін жұмыстарын дизель отынымен қамтамасыз етуде елеулі қиындықтарға тап боламыз.
“Біз арзандатылған дизель отынын толығымен бөліп отырмыз. Бірақ операторлар кейбір өңірлерге өздерінің міндеттемелерін толық орындамай отыр. Кейбір ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерге толық көлемде арзандатылған дизельді жеткізбей отыр. Біз бұған қатысты бақылауды күшейтіп жатырмыз және сол операторларды жауапқа тартамыз. Алдағы уақытта ондай операторлармен жұмыс істемейміз”, - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар премьер-министр отандық мұнай өңдеу зауыттары белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.
“Бензин мен дизель отынының бағасын одан әрі ұстап тұру елдің энергетикалық қауіпсіздігіне теріс әсер етуі мүмкін. Біз Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы баға айырмасын төмендетуге мәжбүрміз. Бізде бұдан басқа жол жоқ. Әйтпесе, бір айдан кейін жанармай тапшылығына тап боламыз”, - деді Үкімет басшысы.