Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында көшеті шетелден әкелініп, 500 гектарға егілген алма бақ жеміс бермеген

Жамбыл облысындағы алма бақ жеміс бермей, шіріп кеткен. Тіреуі қирап, ағаштар қураған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Видеодан скриншот

Шоқай ауылындағы баққа Сербиядан әкелінген 125 мың түп егілген, бірақ бағбандар бір түйір алма алмапты.

“Егілген шет елдің алмалары біздің климатқа сәйкес келмеді ме? Болмаса ауру болып келді ме? Қазақстанға кірген көшеттер ауыра бастады. Бактериалды күйік дейді. Жапырағына дақ түскендей болады. Жоғарыдан төмен қурайды”, – деді бағбан Елдос Ералиев.

2015 жылы жеміс ағашын егу науқанға айналды. Содан шетелдік технологиямен еуропалық көшеттер жеткізілді. "Аграрлық несие корпорациясы" ақша аударыпты.

“Жоғарғы жақта мүдделі адамдар отыр. Солардың мүддесіне жарады. Ақшаның бәрін жан-жаққа шашты. Сол шашқан ақша біздің мойнымызға түсті. 10 бақшаның да түрі осындай”, – деді бағбан Убайдулла Сереев.

Әр адамға бес гектар жерден бөліп берген. Бүгінде әрқайсысы 60-70 миллион теңге қарызға кірген. Мұндай алқаптың көлемі – 465 гектар. Бағбандар бұл мемлекеттік бағдарлама дұрыс жоспарланбаған дейді. Жел, жердің жайы, ауа райы ескерілмей, ақша босқа кетті дейді.

“Елді шақырып, жарнама жасап, сіздерге алма бақ соғып береміз деді. Елдің бәрі жұмыссыз болған соң көнді ғой. Бұл нәрседе ешнәрсе жоқ. Смета, жоба  жоқ. Үкіметтің ақшасын есепсіз жасаған. Өздері комиссия құра салыпты. Келісімшартқа қол қойғанда, мұндай жағдайларын білген жоқпыз. Енді қазір түсініп отырмыз”, – деді бағбан Ғани Иманжанов.

Бұл айтылғандарды "Аграрлық несие корпорациясы" басшылары растады. Бірақ қаржы ұйымы болғандықтан, қанша ақшаның кеткені құпия деп құтылды.

“Аграрлық несие корпорациясы қаржы институты болғандықтан, қарыз алушылар туралы мәліметтерді жария етуге құқығымыз жоқ, яғни келісімшартта жазылған. Кез келген құпия жасалған шарт туралы мәліметтерді тек сол кісілердің рұқсатымен беруге мүмкіндік бар”, – деп мәлімдеді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Бауыржан Тәжібаев.

Талқылау