Жамбыл облысында 86 жастағы әкесін ұрып-соққан ер адам жазадан құтылып кетті
Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық сотында зейнеткер әкесін ұрып-соққан ер адамға қатысты әкімшілік іс қаралды. Алайда жас жігіт әкесімен татуласуына байланысты жауапқа тартылмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
“Құқық бұзушы 86 жастағы қарт әкеге әдепсіз сөздер айтып, оны ұрып-соғып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіріп, отбасы-тұрмыстық қатынастар негізінде заңсыз әрекеттер жасаған”, – делінген хабарламада.
Зейнеткер бұл фактілерді растап, олар татуласқандықтан соттан істі тоқтатуды сұрады (медиация жасалды).
Өз кезегінде сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, жанжал кезінде ашуланып, өзін ұстай алмай әкесіне қолын көтерген. Ер адам жасаған ісіне өкінетінін айтып, сонымен бірге әкесімен татуласуына байланысты сот ісін тоқтатуды сұрады.
“ӘҚБтК-нің 64-бабына сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 73-1-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жәбірленушінің арызы бойынша ғана қозғалады және ол мен құқық бұзушылық жасаған адам татуласқаннан кейін тоқтатылады”, – деді полиция департаменті.
Еске салайық, 2022 жылы Павлодар тұрғыны 4 жасар қызды, жүкті әйелі мен қайын енесін соққыға жыққан. Қыз ауруханаға жатқызылғанын жазған едік. Полицияға арызбен 42 жастағы қала тұрғыны жүгінген.