AAPL
140.36 $
-1.92 %
TSLA
628.16 $
-6.93 %
NDAQ
146.63 $
-0.73 %
GOOGL
2119.4 $
-4.95 %
FRHC
39.75 $
-2.5 %
AAPL
140.36 $
-1.92 %
TSLA
628.16 $
-6.93 %
NDAQ
146.63 $
-0.73 %
GOOGL
2119.4 $
-4.95 %
FRHC
39.75 $
-2.5 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнеткер Назарбаев халық арасында Қонаев сияқты емін-еркін жүре ала ма? Белгілі жазушылар мен саясаткерлер ойын айтты

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы билікті өз еркімен Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізген болатын. Осы аралықта көп нәрсе өзгерді. Әсіресе қаңтардағы оқиғалардан кейін Назарбаевтың саяси қателіктері айтылып, туыстарының бәрі лауазымды қызметтерінен алынды. Ал экс-президенттің өзі ақсақал ретінде ел арасына еркін шығып, халқымен емен-жарқын сөйлесе ала ма? Бұл туралы Азаттық белгілі жазушылар мен саясаткерлерден сұрап көрді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Назарбаев басышылыққа келген соң Қазақстанның бұрынғы басшысы болған Дінмұхамед Қонаевтың биліктен шеттетілгені белгілі. Алайда ол соған қарамастан халық арасында емін-еркін жүріп, жұрттың ерекше ықыласына бөленді.

Қазақстанның бұрынғы басшылары Дінмұхамед Қонаев пен Нұрсұлтан Назарбаевты кезіндегі саяси жағдайларға куә болған жазушылар Смағұл Елубаев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеевке, Қонаев тұсында да, Назарбаев кезінде де жоғары қызметте болған саясаткер Серік Әбдірахмановқа, тарихшы Хангелді Әбжановқа және депутаттар Ерлан Сайыров пен Еділ Жаңбыршин зейнетке шыққан екі басшы туралы пікірлерін айтты. 

Жазушы Смағұл Елубаев Нұрсұлтан Назарбаев Дінмұхамед Қонаев сияқты халық алдында емен-жарқын жүре алмайды деп ойлайды.

“Дінмұхамед Қонаев қызметте жүргенде қазақ мектептерінің ірі қалаларда жаппай жабылғанын ашық сынап жүрдім. Қонаев қызметінен кеткеннен кейін мені шақырды. "Сөйлесуге дайын емеспін" деп бас тарттым. Жастықтың қызуымен қате істеген екенмін. Қонаев – дүние жинамаған, ақшаға қызықпаған адам. Сондықтан халық жақсы көрді, қазір де құрметтейді. Қонаевтың тұсында бай мен кедей арасы қазіргідей қатты бөлінбеген еді. Қазір тым алшақ. Соны көріп отырған халықпен Назарбаевтың жүздесуі қиын болады”, – дейді жазушы. 

Сондай-ақ жазушы Бексұлтан Нұржекеев экс-президентті халықтың өз байлығын өзіне бермеді. Президенттіктен кетсе де, биліктен кетпей отырып алды деп сынады. 

“Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қаласында жұмыс істеген кезінен танимын. Ол туралы бірнеше мақала да жаздым. Назарбаевтың Қазақстан шекарасын бекіткені, еліміздің солтүстігіне астананы апарғанын жоққа шығара алмаймыз.

Бірақ өзі мен отбасы, төңірегі ашкөздік жасады. Назарбаевтың Вашингтон, Ататүрік сияқты тарихта қалуға мүмкіндік болды, бірақ пайдалана алмады. Ол үшін халыққа емес, өзіне ренжуі керек. Сондықтан халықтың бетіне тура қарай алмайды. "Халық үшін күн-түні ұйықтамадым" деп айта алмайды.

Қонаев қызметінен босатылған соң үстінен қылмыстық іс қозғамақ болып тексеріп, ештеңе шығара алмады. Қылмысы болса Қонаевты қамайтын еді. Бұл – адалдықтың, кіршіксіз тазалықтың, елге ғана қызмет істегендіктің белгісі. Қонаевтың қолы таза болды. Ол кісі қызметтен кеткеннен кейін де барып, сәлемдестім. Қарапайымдығы мен сыпайылығына, мәдениетіне қатты таңғалдым”, – дейді Бексұлтан Нұржекеев. 

“Зейнеткер Назарбаевқа барар ма едіңіз?” деген сұраққа “Қайда екенін білмеймін, Қазақстаннан кетіп қалған сияқты. Шақырса, барар едім, неге сөйлеспеске?”  – деп жауап берді жазушы. 

Ал жазушы Дулат Исабеков Назарбаев пен Қонаев – екі дәуірдің адамы  екенін айтады.

“Бірақ адалдық, тазалық қай дәуірде де болуға тиіс. Қонаев рухы таза, қанағаты мол адам еді. Назарбаевты олай деп айта алмаймыз. Назарбаев туған-туысын билікке әкелді. Қазақстан байлығын бөліп алған санаулы адамның басында өзі тұр. Сондықтан халық алдына шыға алмайды. Шыққанда не айтады? Бұрынғы "репертуарын" қайталайды, басқа айтары жоқ. Оны халық қабылдай қоймайды, соны сезеді. Сондықтан да халық алдына жүзі жарқын бола алмайды.

Ол әлі де биліктен кеткісі келмейтін сияқты. Қазір қозғалып жатқан қылмыстық істер күндердің күні Назарбаевқа да жетеді деп ойлаймын.

Назарбаевпен 2014 жылы кездескенде "Орныңызға кімді қалдырмақсыз?" деп турасын сұрағанмын. Сонда үш кандидатты айтты. Бірі – Тоқаев болатын. Бірақ Тоқаев тым жұмсақ деген еді. Жұмсақтың соңы өзіне қатты тиді”, – дейді жазушы. 

Тарихшы Ханкелді Әбжанов Нұрсұлтан Назарбаевқа "Қазақстанның негізін қалаушы", "Қазақстанның тұңғыш президенті" деген атақ беру артық деп ойлайды

“Қазіргі жағдай Назарбаевқа әрине ауыр тиеді. Оның қателіктері алдымыздан шығып жатыр. Назарбаевқа дейін де Қазақстан болды, бірінші басшылары да болды. Тоқаев бәлкім Назарбаев ойлаған жерден шықпаған шығар. Тарихта мұндай бұрын да болған. Назарбаев Қонаев сияқты халық алдында еркін жүре алмайды. Қонаев жемқорлыққа ұрынған жоқ, сол себепті жүзі жарқын. Назарбаевтың өйтіп жүруге құқығы жоқ”, – дейді ол. 

Сонымен қатар саясаткер Серік Әбдірахманов қаңтар оқиғасынан кейінгі өзгерістерден соң Назарбаев өз орнына Тоқаевты қалдырғанына бармағын тістеп отыр деп ойлайды. 

“Өз әулетінде дайын ешкім болмады, Тоқаевтан жуас ешкімді таба алмады. Назарбаев – кезінде өзін билікке жеткізген Қонаевты да ретсіз сынап, сатып кеткен адам. Өтірік айту, алдай салуды шебер меңгерді. Енді өз обалы өзіне, өзіне өзі жасады, халқын ойламады.

Қонаев қызметтен кеткенде қылмыстық іс қозғағанымен, соттай алмады. Билік Қонаевты қатты шеттетті. Қонаевтың айналасында жүрген адамдармен амандасудан да жасқанды. 1987 жылы Қазақстан Компартиясы орталық комитетіне мүшеліктен шығаруға арналған жиында Назарбаев бастаған, өзі өсірген кадрлар өзін беталды сынады. Жиында Қонаев үнсіз, сұп-сұр болып отырғанын көрдім. Дауласқан жоқ.

1992 жылы желтоқсанда Дінмұхамед Қонаев 80 жасқа келгенде Назарбаевқа барып, "Неге үнсіз қаласыз?" дедім. Сонан кейін ғана құттықтау хатын жазып, қолыма ұстатып жіберді. Қарапайым халықтың Қонаевқа ықыласы өзгерген жоқ. Биліктің шектеуі азайып, еркін жүріп-тұра бастағанда халықты аралады. Халықтың құрметі шексіз еді. Ол кісі аса қадірлі ақсақал болды.

Менің түсінуімше, қазір Назарбаев та шеттеп қалды. Оның жағдайы үйқамақтағы адаммен бірдей деп ойлаймын. Бірақ оны халық Қонаев сияқты құрметтемейді. Енді оған ешкім барғысы да келмейді. Ол халқын ақшадан төмен қойды”, – дейді саясаткер. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Назарбаевтың еңбегіне бірер жылда баға беру мүмкін емес деп санайды. 

йНазарбаевтың шекараны бекіткеніне, астананы көшіріп, Қазақстанның бастапқы кезеңінде экономикалық реформа жасағанына ешкімнің де дауы жоқ. Бірақ өзінің отбасына ие бола алмады. Туыстары мен сенімді адамдарын жоғары лауазымдарға отырғызды. Көзі тірі, арамызда бар адам. Сондықтан қателіктерін түзетуге әлі де мүмкіндігі бар. Қателіктерін түзейтін болса халықтың арасында емен-жарқын жүре алады.

Кез келген тарихи кезең өзінен бұрынғы дәуірді терістейді. Бірақ дұрысын да жоққа шығармау керек. Бұл мемлекеттік дәстүр қалыптастыру үшін де керек”, – деді ол. 

Сондай-ақ мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Назарбаевқа берілген кепілдіктер өзгерген жоқ, сондықтан қазір көзге көп түспегенімен оған қатысты қандай да бір шектеу бар деп ойламайтынын жеткізді.

“Меніңше, ол да Қонаев секілді халықтың алдында емін-еркін жүре алады. Кемшіліктері де болды, бірақ еңбегі де жеткілікті. Біз мемлекет басқарған азаматтарға құрмет көрсетпесек, саяси мәдениет қалыптаспайды. Ол кісі еркін жүруі керек, халық та түсіністікпен қарауы керек”, – дейді ол. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр