Жаркент тұрғыны бір айда дүкеннен 625 шоколад ұрлаған
Жетісу облысының Жаркент қаласында бір ай бойы дүкеннен шоколад ұрлап жүрген ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полицияға сауда орындарының бірінің өкілі жүгініп, шоколадтардың тұрақты түрде жоғалып жатқанын хабарлаған. Бейнебақылау жазбаларын тексеру кезінде бір ер адамның дүкенге қайта-қайта кіріп, шоколадтарды сөмкесі мен қалтасына жасырып, ақысын төлемей шығып жүргені анықталған.
Кей күндері ол дүкенге бес-алты рет кіріп, әрекетін қайталаған. Бір ай ішінде барлығы 625 шоколад ұрланған. Келтірілген шығын 530 мың теңгеден асты.

Жедел іздестіру шаралары барысында Жаркент қаласының 41 жастағы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол кінәсін мойындаған.
Қазір соталды тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ күдіктінің осыған ұқсас өзге ұрлықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.