Жамбыл облысында жаңа туған сәби қоқыс контейнерінен табылды
Жамбыл облысының Қордай ауданында қоқыс контейнерінен жаңа туған сәби табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облысының Қордай ауданында, Гвардейск гарнизоны аумағындағы қоқыс контейнерлерінің бірінен жаңа туған сәби табылды. Ақпаратты аудандық полиция бөлімінің өкілдері растады.
Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, табылған сәби қыз бала. Дәрігерлердің айтуынша, оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Жамбыл облысы полиция департаментінің өкілдері жаңа туған сәбиді қауіпті жағдайда қалдыру фактісі бойынша полиция қызметкерлерінің қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
“Қазір баланың анасының жеке басын анықтау және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жедел-іздестіру және тергеу шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Қазір сәби медициналық мекемеде. Оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ведомство Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – деп мәлімдеді өңірдегі полиция департаменті.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысының Сайрам ауданында әйел тоғыз ай бойы жүктілігін жақындарынан жасырып, медициналық есепке тұрмаған. Босанғаннан кейін тірі туған сәбиін әжетхана шұңқырына тастап, үстін құм, тас және топырақпен жауып кеткен.
Нәресте көз жұмды. Сот материалдарына сәйкес, әйел 2025 жылдың сәуірінде жүкті болған. Алайда жүктілігі кезінде дәрігерге қаралмаған және медициналық тексеруден өтпеген. Тоғыз айдан кейін әйел үйінің ауласындағы дәретханада босанған. Содан соң жаңа туған баланы шұңқырға тастап, көмек көрсетуге әрекет жасамаған. Кейін баланың дүниеге келгенін жасыру үшін оның үстін құм, тас және топырақпен жапқан. Сот әйелді Қылмыстық кодекстің 100-бабы 2-бөлігі "Жаңа туған баланы анасының өлтiруi” бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сот істің мән-жайын ескеріп, әйелге 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды
