Жамбыл облысында ұлының мафия қолынан қаза тапқанын айтқан ата-ана арнайы күзет сұрайды

Жамбыл облысында ұлының мафия қолынан қаза тапқанына айтқан әке Ішкі істер министрінен отбасына арнайы күзет беруін сұрады. Айтуынша, 25 жастағы жігітті қатігездікпен атып өлтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұм Ахмет Дүкенбайдың әкесі қанды қылмыс сағат екі жарымның шамасында, намаз оқып отырған кезінде болған дейді.
“Тарс-тарс деген дауыстар шықты. Бес рет атылды дейді. Бірінен кейін бірі 4-5 рет атылды. Артынша бір сағат көлемінде үйге милициялар келді. Балаңыз ауыр жағдайда ауруханаға түсті деді”, – деген Серік Дүкенбай.
Әпкесі Зарина Дүкенбай бауырының сол жерде-ақ тіл тартпай кетті деп топшылайды. Мәйіттің аузынан атылған оқ құлақ түбінен тесіп шыққан. Арқасынан тигені жүрек тұсын жұлып шыққан. Белі мен балтырында да оқ ізі қалған.
Марқұмның жақындары қанды қылмысқа ауыл жастарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қылмыстық топтың тікелей қатысы бар деп отыр. Айтқанына көнбеген, айдағына жүрмеген соң атып кетті деп болжайды.
“Бұл баяғыдан келе жатқан Така Мака деп қояды. Осы ауылды ұстайтын, қарайтын сол екен. Сол отыр дегенге отырады, тұр дегенге тұрады, жастар сондай болу керек екен. Ары-бері жұмсағысы келген. Қол бала қылғысы келген. Бірақ бұл көнбеген”, – дейді марқұмның әпкесі.
25 жастағы азаматтың артында екі баласы мен жұбайы қалды. Марқұм соңғы аптада жарына барынша сақ болуды айтыпты. Ұл-қызын оңаша ойнатпа, бақылаусыз қалдырма, көзден таса қылма деп ескертумен жүрген. Бірақ оның мәнін түсінбедім дейді жұбайы.
“Солар ғой. Солармен жанжал болып жүр деп айтқан. “Балаларды абайлашы. Балаларға ие болшы” деп достары айтып жүрді. “Алысқа жібермеші, қарап жүрші кесірі тимесін, өзің де абай жүрші” деген әңгімелер болды”, – дейді Ахметтің артында қалған жұбайы Алтынай Боранбай.
Ал жетпіске келіп жалғыз ұлынан айырылған әке отбасына арнайы күзет қоюды өтінеді.
“Мамыражай заманда қырғын сүргін, адам өлтіру болып отыр. Бұларды тоқтатпасақ жеке-жеке емес, отбасыны қырып кетуі мүмкін. Бүкіл отбасыны. Содан қорқып біз қарулы күзет қоюды талап етеміз”, – дейді Серік Дүкенбай.
Белгілі болғандай күдікті жарты тәулікте ұсталған. Қазір полиция бұл іске қылмыстық топтың қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
“Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің "Кісі өлтіру" бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкерлерімен күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта қылмысты жан-жақты, толық тергеп-тексеруге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – дейді Жамбыл облысы полиция департаментінің өкілі Гүлсара Мұхтрақұлова.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді