Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында ер адамды атып өлтірді: Марқұмның отбасы Президентке үндеу жасады

Дүкенбай Ахмет
Фото: Threads.com/@kaairatovnnna

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында ер адам оққа ұшып, қаза тапты. Марқұмның туыстары қылмысқа ауданда әрекет ететін қылмыстық топ мүшелері қатысы болуы мүмкін деп күдіктеніп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Threads қолданушысы өзін марқұмның қарындасы ретінде таныстырып, жазба жариялады. Оның мәліметінше, қылмыс 1 тамыз күні түнгі сағат 3.00 шамасында Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Луговой ауылындағы Пушкин көшесінде болған.

Марқұмның қарындасының айтуынша, күдікке 22 жастағы азаматтар ілінді. Туыстары қайғылы жағдайға дейін ер адамға бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетілгенін де алға тартты.

Бізге белгілі мәліметтер бойынша, бұл қылмысқа қатысы бар адамдар қайғылы оқиғаға дейін бірнеше рет ағама қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытып жүрген. Осы жайттардың барлығы тергеу барысында мұқият әрі объективті тексеріліп, заң аясында тиісті құқықтық баға беріледі деп сенеміз”, – делінген жазбада.

Отбасы істің жан-жақты әрі әділ тергелуін, кінәлілердің заң аясында жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Сондай-ақ олар Президентке үндеу жасап, тергеу барысын жеке бақылауына алуды сұраған.

Қаза тапқан азаматтың артында әйелі, ұлы мен қыздары қалды. Қарт ата-анасы жалғыз ұлынан айырылды.

Құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Марқұмның артында жесір жары, әкесінен айырылған ұлы мен қыздары қалды. Сонымен қатар, қартайған шағында жалғыз ұлынан айырылған ата-анасы орны толмас қайғыға душар болды. Бұл – біздің отбасымыз үшін ешқашан жазылмайтын ауыр қасірет. Сізден осы істі жеке бақылауыңызға алып, әділ шешім қабылдануына ықпал етуіңізді өтінеміз”, – делінген жазбада.

Жамбыл облысының полиция департаменті дерек бойынша Қылмыстық кодекстің “Адам өлтіру” бабымен соталды тергеу басталғанын хабарлады.

“Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір қылмыстық істі жан-жақты, толық әрі объективті тергеуге бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 03 Тамыз, 2026 13:08