Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үш жылда алғаш рет: Алматылық талапкер ҰБТ-дан 140 балл жинады

Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған Жаннұр Еңсебек – Алматы облысындағы №22 мектептің түлегі. Үш жыл бұрын Павлодар облысының талапкері осындай жоғары нәтиже көрсеткен еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Алматы облысының білім басқармасы

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 264 мың рет тест тапсырылды. Оның ішінде талапкерлердің 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде, 197 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

“ҰБТ басталғалы шекті балды талапкерлердің 77%-ы жинады. Орташа балға келсек, ол 69 балл болды. ҰБТ-ны өткізудің алтыншы аптасында Алматы облысының түлегі ең жоғары 140 балды жинады. Талапкер ҰБТ-ны “Математика-Информатика” комбинациясы бойынша кеше, 27 маусымда, Алматы облысының Есік қаласында тапсырған. Еске сала кетсек, кейінгі рет ҰБТ нәтижесі бойынша 140 балды Павлодар облысының талапкері 2021 жылы жинаған еді. Ал 2018 жылы Алматы қаласының талапкері жинады”, – деді баспасөз қызметі.

Ерекше білім беру қажеттігі бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға алты аптада 620 талапкер қатысты.



Айта кетейік, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижесі жойылады.

Еске салайық, 19 маусымда Алматыда ҰБТ тапсыру кезінде техникалық ақаулар пайда болғанын жазған едік. Салдарынан алматылық мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмады. Тапсыра алмаған түлектерге ҰБТ күндері кейінге шегерілді.

Талқылау