Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызметкерлер тұтқындарды зорлайды": Қарағанды облысындағы түрмеге жауаптылар түсініктеме жасады

Құқық қорғаушы Елена Семенова Қарағанды ​​облысының АК-159/6 колониясындағы зорлық-зомбылық фактілеріне шағымданды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Құқық қорғаушы Елена Семенова Facebook-тегі парақшасында  тұтқындарды зорлағаны туралы жазба жариялады.

Оның сөзінше, оған Долинка кентінің АК-159/6 қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатқан сотталушылардың туыстары жүгінген. Олардың сөзіне сенсек, тұтқындар колония қызметкерлері тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ал әлі зорланбаған адамдарды қорқытады екен. 

Елена Семенова желіде сотталушылардың туыстарымен жазысқан хаттардың скриншоттарын жариялады. 

Қарағанды облысының қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі Елена Семенованың шағымы тексерілгенін мәлім етті. 17 ақпанда колонияға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері мен арнайы прокурорлар барған.

"Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаментінің АК-159/6 мекемесінде сотталғандар С.Б. Кубиевке, Д. А. Цергибельге және О. К. Ибрагимовке қатысты заңсыз іс-әрекеттер фактілері жасалмағанын хабарлаймыз. Осы жылдың 17 ақпанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің қызметкерлері Қарағанды облысы бойынша пенитенциарлық жүйе мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау жөніндегі мамандандырылған прокуратураның өкілдерімен бірлесіп, осы сотталғандарға сауалнама және дене тексеруін жүргізді. Дене жарақаттары анықталған жоқ. Сотталушылар зорлық-зомбылық қолдануды және басқа да заңсыз әрекет фактілерін жоққа шығарды",-деп атап өтті баспасөз қызметі.

Бұған дейін сотталушылар АК-159/6 колониясындағы ұрып-соғуға шағымданған. Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі арнайы прокуратураның колонияға барғанын, сотталушылармен әңгімелесіп, тексеруді бастағанын хабарлады.

Талқылау