"Түркі мемлекеттері ұйымы – әскери ұйым емес": Тоқаев түркі мемлекеттерінің әскери одақ құратыны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент Түркістандағы алқалы жиынға қатысуға келген Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді.
Тоқаев өз сөзінде ұйымды әскери альянс ретінде сипаттаушыларға жауап берді.
"Соңғы кезде Ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық, мақсаттары – елдестіру емес екені де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығару керек деп санайды. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды, кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң”, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды, кеңеске мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды, орталыққа "Turkic ai" атауын беруді ұсынды.
“Білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын. Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа "Turkic ai" атауын беріп, оны Alem.ai орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз", – деді президент.
Сонымен қатар Тоқаев Түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажеттігіне ерекше тоқталды.
"Келесі маңызды мәселе. Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет. Жақында Түркі Академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек. Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматын құру бастамасын қолдайтынын айтты.
"Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын жан-жақты дамытуға мүдделі. Бүгінде біздің Ұйымға халықаралық қауымдастық сенім білдіріп отыр. Абырой-беделіміз де артып келеді. Осы орайда Қазақстан Ресейдің "Алтай – түркі өркениетінің бесігі" жобасына оң көзқарасын білдірді. Бұған қоса, біз "Алтай сұхбат алаңы (диалогі)" форумын құру жөніндегі ұсынысымызды жарияладық. Еліміз Түркияның ынтымақтастық аясын кеңейтуге бағытталған "Түркі мемлекеттері ұйымы +" форматын құру бастамасын қолдады. Осы форматқа қосылуға ниет білдірген мемлекеттер мен ұйымдарға қатысты нақты өлшемдер болу қажет деп санаймын", – деді Тоқаев.
Бейресми саммитте Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі төрағасы, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Кеңестің байқаушысы, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Туфан Эрхюрман, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі.
Саммиттің қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістан декларациясына қол қойды.
"Су тапшылығы болып, қала демала алмай қалады": Экологтар Көкжайлауда 650 миллиардқа салынатын тау кластері құрылысын тоқтатуды талап етті