Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тойымды жасап бермедің, ақ көйлек кимедім деп айтқан емеспін": Қызылордалық жұп 13 жылдан кейін жасаған үйлену тойы туралы

Қызылордалық Талғат Аманжолов пен Махаббат Қалыбаеваның жанұясы мен олардың шынайы махаббат хикаясы көпшілікке жақсы таныс. 13 жылдан кейін үйлену тойын жасаған жандардың отбасында тағы да қуаныш. Көпбалалы жанұяда жетінші сәби дүниеге келіп, ата-анасын ерекше қуантып отыр. Stan.kz сайтының тілшісі көпбалалалы ата-ананы құттықтап, тойдан кейінгі әсерлері жайында әңгімелескен еді. 

Талғат пен Махаббат ортақ достарының үйлену тойында танысқан. Жастардың арасында сезім пайда болып, кейін ол үлкен махаббатқа ұласыпты. Жастар бір жылға жуық уақыт кездесіп жүрген. Кейін Талғат сүйіктісіне ұсыныс жасап, бірге отбасын құруды қалайтынын айтыпты. Ол кезде қызылордалық бойжеткеннің жасы 17-де екен. 

"Талғат мені алып қашты. Ол кезде күйеуімнің дүркіретіп той жасауға, көпшілікті жинап, мейрамханада атап өтуге мүмкіндігі болған жоқ. Тек "Беташар" жасалды. Мен бәрін түсінуге тырыстым, бастысы екеуміз бірге болсақ болды деп шештім. Екеуміз мешітте дінімізге сәйкес некемізді қидырдық. Сол кезде имам менен мәхір сыйлығына не қалайтынымды сұрады. Мен азаматымның мүмкіндігі болғанда, үйлену тойын жасап бергенін қалайтынымды айтқан едім. Талғат берген уәдесінде тұрды", - дейді Махаббат. 

Бүгінгі күні Махаббат кондитер болып жұмыс жасайды. Түрлі тәттілерге тапсырыс қабылдап, той-тоймалақтың сәнін келтіріп жүр. Күйеуі Талғат дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Өз ісінің білгір маманына сұраныс та көп. Талғат тойға дайындықты бастап кеткенін келіншегінен жасырып келген. Мерекеге санаулы күн қалған кезде ғана сүйіктісіне ақ көйлек таңдау керек екенін айтыпты. 

"Бұл тойды өткізуге маман достарым көмектесті. Мен біршама уақыт келіншегіме айтпай қаражат жинап жүрдім. Мейрамхана таңдап, кортедж ұйымдастырдым. Махаббат той туралы естігенде қатты таңқалды. Дегенмен қатты қуанғанын көрдім. Кейін екеуміз бірге той көйлегін іздедік. Шақыру қағаздарын әзірлеп, керемет күйде болдық", - дейді Талғат. 

Қызылордалық жұп тойға шақырту алған кезде туысқандарының көпшілігі таңқалғанын айтады. Әйтсе де үлкендер батасын беріп, Талғаттың әрекетін құп көрген. Әсіресе, Талғат пен Махаббаттың 6 баласы ерекше қуанған екен. Олар ата-анасымен бірге тойдың төріне жайғасып, көпшіліктің құттықтауын қабыл алған. Балаларының шексіз бақытын көрген Махаббаттың еріне де алғысы шексіз. 

"Басында балаларымыз сенбей жүрді. Кейін киім таңдаған кезімізде таңырқағандары рас. Шынымен "үйленесіңдер ме?" деп сұрай берді. Мен жас кезімнен ақ көйлек киюді армандағанмын. Оның үстіне анам менің қалыңдық көйлегін кигенімді көргісі келетін. Той көйлегін киюді кез келген бойжеткеннің қалайтыны анық қой. Біраз уақыт той салондарын аралап жүрдім, қиялымдағы көйлекті тапқым келді. Мейрамханаға жиналған халық ақ тілектерін жаудырды. Мен өзімді жас қалыңдық ретінде сезіндім. Бұл мен үшін ең бақытты күндердің бірі болды", - дейді қызылордалық келіншек. 

Қызылордалықтардың тойы жоғары деңгейде өткен. "Жас жұбайлар" лимузинмен қаланың көрікті жерлерін аралап, естелікке суретке түскен. Қуаныштарын достары бөлісіп, Талғат пен Махаббатқа ерекше сый да жасапты. Кейін ғашықтар балаларымен бірге вальс билеп, дәмді торттан ауыз тиген. 

Бүгінде қызылордалық отбасы тойдан кейінгі әсерімен әлі күнге дейін бөліседі. Әлеуметтік желілерде танымал болған жанұяның көпшілікке алғысы зор. Жылы лебіздері мен ақ тілектерін жеткізген қазақстандарға да жақсылық тілеп отырады. Махаббат өзінің күйеуін мақтан тұтатынын жасырмайды.

"Отбасылық өміріміз үнемі балдай болды деп айта алмаймын. Қатты қиналған да, тарыққан да кездеріміз болды. Тағдырдың салғанына ешқашан мойыған емеспіз. Балаларымыз үшін алға жылжып келе жатырмыз. Мен Талғатқа "тойымды жасап бермедің, ақ көйлек кимедім" деп айтқан емеспін. Күйеуімнің намысына тиген емеспін. Дегенмен, азаматымның берген уәдесіне берік болғанын мақтана айтамын. Балаларыма өнегелі әке болып келеді. Ата-аналарымыздың қолдауының арқасында жарқын болашыққа қадам басып келеміз", - дейді жас келіншек. 

Жуырда Талғат пен Махаббаттың отбасында тағы бір қуанышты жаңалық орын алды. Қызылордалық келіншек дүниеге кестетігер әкеліп, жетінші рет ана атанды. Сәбиге Альмира деп есім қойған жандар балапанның келешегінен мол үміт күтеді.

Stan.kz сайтының редакция да қызылордалықтарды қуанышымен құттықтайды. 
 

Талқылау