Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тойда билеп тұрып жүрегі тоқтап қалды": Актер Сағат Жылгелдиевтің соңғы видеосы жарияланды

Танымал қазақ актері Сағат Жылгелдиев 68 жасында бақиға аттанды. Актер өмірінің соңғы сағаттарын көңілді өткізді. Ол той үстінде би билеп, көңіл көтерген. Өнер өкілдері бұл сәттің куәсі болды. 

Бұл туралы Рахман Омар желіде жазды. 

“Е,е,е… Жалған дүние-ай… Кім ойлаған? Той үстінде өзіне тән аңғалдығымен, кеңпейіл көңілімен, дархан мінезімен, ортамызда балаша билеп жүрген асыл ағамыздан бір сәтте айырылып қаламыз деп кім ойлаған?! Жүрегім езіліп отыр… Дел-сал күйдемін...Тірі жанға жаманшылығы жоқ, басқаның қуанышында өз тойында жүргендей жүруші еді. Жасы бізден біраз үлкен болса да, өте ширақ, қимылы көз ілеспейтіндей жылдам еді… Қайран ағам-ау, қайтейін?! “Әй, Сағат!” деп құрдасымдай ойнаушы ем… Енді кімге еркелеймін?! Орның ойсырайды ғой, көкешім-ау… Көз алдымызда кетіп қалдың-ау...
Жаның жәннатта шалқысын, аға-ау… Біз сізді ешқашан ұмытпаймыз. Билеп тұрып жүрегі тоқтап қалды. Қайтар алдында 10 минут бұрын түсірілген видео”, – деп жазды Рахман Омар. 

“Иманы саламат болсын. Жақсы адам, мықты актер еді”, – деп жазды Асхат Садырбай. 

“Қазақ өнерінің қара нары, ардақты Сағат ағамыз өмірден өтті. Алла мейіріміне бөлеп, жаныңызды жәннаттық қылғай. Қош бол, асыл аға.
Қош бол, актер”, – деп жазды Азамат Сатыбалды. 

“Иманды болсын”, – деп жазды Мәдина Сәдуақасова.

“Иманы саламат болсын”, – деп жазды Мақпал Жүнісова. 

“Алла мейіріміне бөлесін”, – деп жазды Әзімбек Байлин.

“Сағат аға, бақұл болыңыз. Жаны жәннатта болғай! Наурыз айында ғана үйге Қыдыр ата болып келіп, балама батасын беріп кетіп еді”, – деп жазды Асхат Тарғын.

“Әрдайым жарқылдап, үлкен-кішіге бірдей мейірімін төгіп, жан-жағын шуаққа бөлеп жүретін қайран Сағат ағам ай! "Сағат! Неше болды?" деп әзілдесетін едім... Әзілдестіретін еді... Өзіңізбен әріптес, сахналас, гримеркалас болғанымды мақтан тұтам! Әр рөліме жеке шақырып, өз пікіріңізді айтып, шабыттандырып жүруші едіңіз! Соңғы кездесуімізде де мені қорғаштап, жаман бауырыңызға сөз жуытпап едіңіз!.. Сыртқа шығарып, бәріне үлгересің, театрды да, тобыңды да тастама деп ағалық лебізіңізді білдіріп едіңіз! Енді Алматыдан жырақта қаралы хабарды естіп, жүргім езіліп тұрғаны. Ауырдым, қартайдым деп ешкімді қинамай, қалыпты қалпыңызда ойнап, билеп жүріп кетіп қалыпсыз ғой, Сағат ағоу! Демалам, емделем десеңіз қарайласар жақындарыңыз күллі қазақтан жиналар еді ғой... Сүрінген, төсек тартқан шағыңызды көрсетпей, еңсеңіз биік, рухыңыз асқақ кейпіңізбен кете бардыңыз ба?! Жазмыштан озмыш жоқ деген... Аллам дәл сол секундта алыпты сізді бізден... Адам түгілі жануарды ренжітпеген қара нарым, Раббым барзақта да, махшарда да еңселі қалпыңызда еркелетіп, жәннатпен сүйіншілесін! "Базарың тарқамасындағы" "Көкшолаққа" билеп жүрген көңілді қалпыңызда, "Құлагердегі" қарт Ақанның "...кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек, Солардан келе келе жаным безген" деген дана қалпыңызда мәңгі жүрегіміздесіз! Қош болыңыз, Сағат ағам! Сенімді серігіңіз, сыңарыңыз Жібек апама, отбасыңызға, әріптестеріме, барлық көрермендеріңізге қайғырып көңіл айтамын!”, – деп жазды әріптесі Мақсат Рахмет. 

“Бір кем дүние. Қайран аңқылдаған ағатайым-ай. “Қалайсың шалым?” - деп еркелеп жүруші едім театрда. Енді кімге еркелеймін. Сенбеске амал қалмай отыр. Жаныңыз пейіштің нұрында шалқысын, Сағат аға. Біз сізді ұмытпаймыз. Соңғы айтқан тілегіңіз, сол тілектен кейінгі соңғы биіңіз бақиға аттанардан 5 минут бұрынғы сәтіңіз сақталсыншы. Бақұл болыңыз.  Кім ойлаған, бұлай деп кім ойлаған. Барлық жанкүйерлеріңіз бен әріптестеріңізге көңіл айтам”, – деп жазды актер Әсет Иманғалиев. 

Айта кетейік, Сағат Ермағамбетұлы Жылгелдиев 1954 жылы 12 желтоқсанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылынды дүниеге келген. Ол - театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. 

Актердің жаназасы 17.05.2022 күні сағат 09:00-де Ғ. Мұратбаев, 48 мекенжайында өтеді. Ал қоштасу рәсімі 17.05.2022 күні сағат 10:00-де Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өтеді.


Белгілі ұстаз, ғалым Бауыржан Әлиұлы өмірден өтті

Талқылау