Келушілер Бурабайдағы мейрамханада бургер мен тіскебасар үшін 200 мың теңге төлеген: Мекеменің бағасы қызу талқыға түсті

Бурабайдағы мейрамханалардың бірінде төрт қыздың қарапайым түскі асқа шамамен 200 мың теңге жұмсағаны әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отандық курорттардағы демалыс бүгінде кез келген қазақстандықтың қалтасы көтере бермейтін сән-салтанатқа айналып барады. Төрт қыз түскі ас ішу үшін мейрамханаға кіріп, шетелге ұшатын әуе билетінің құнына жуық ақша жұмсағанын айтып, жұрттың қызу талқысына себеп болды.
Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, қыздардың қарапайым ғана отырысы 199 045 теңгеге түскен. Чектегі тапсырысқа қарағанда, олар қымбат теңіз өнімдерін немесе элиталық алкогольге тапсырыс бермеген. Негізінен бургерлер, жеңіл тіскебасарлар мен сусындар алынған.
Мұндай ас мәзірі қарапайым дәмханаларда шамамен 20 мың теңге шамасында ғана тұрар еді. Алайда Бурабайдағы мәртебелі мейрамхананың бағасы түпкілікті есепшотты он есеге дейін өсірген.
ОқыңызКөптеген қазақстандық төрт бургер үшін 200 мың теңге төлеуді ақылға сыймайтын жағдай деп санап, әлеуметтік желіде пікірлерін жаудырды.
"Қазақстанда демалуға ақшам жетпейді. Одан да Дубайға барған дұрыс", "Түркияда екі қазақ кездесіп қалыпты”, “Не болды, бауырым, Бурабайға ақшаң жетпей, Түркияға келдің бе?”, "Түркияға барған тиімдірек. Сервисі жақсы, жаңа ел көресің. Ал мұнда адамдарды қолына көтеріп жүргендей баға қояды", "Сондықтан көпшілік шетелде демалғанды жөн көреді", "Мынау қандай баға?! Осы ақшаға балаларымды алып Вьетнамға барып келемін", – деп жазған оқырмандар.
Дегенмен кейбір желі қолданушылары жағдайдан ешқандай оғаштық көрмейтінін айтты. Олардың пікірінше, әрбір мейрамхана баға саясатын өзі белгілейді, ал келушілердің таңдауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ мұндай орындар негізінен шетелдік туристерге бағытталғаны да атап өтілді.
Еске салайық, Қазақстандағы мейрамхана мен кафе иелері жаңа санитарлық талаптардың күшіне енуіне байланысты алаңдаушылық білдірген еді. Кәсіпкерлердің айтуынша, шілде айынан бастап енгізілетін нормалар желдету, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі және нысандарды жоспарлауға қойылатын талаптарды күшейтеді. Сала өкілдері бұл өзгерістер көптеген кәсіпорындарды қымбат қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге немесе жұмысын тоқтатуға мәжбүр етуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр