Елімізде енді көлігін құжат бойынша мың теңгеге сатқан азаматтарға бақылау жүргізіледі

Көлікті құжат бойынша "мың теңгеге" сатып алып, 2 жыл ішінде "миллионға" сатқандар пайдаға емес, шығынға батады. Мемлекеттік кірістер комитеті тым төмен бағада саудаланған мүліктерге бақылау жүргізілетінін хабарлады. Себебі кейбір азаматтар салықтан жалтару үшін көліктің құнын келісімшартта төмен көрсетіп рәсімдейді. Бірақ оның зардабын сатып алған адам тартып, мемлекетке қомақты қаржы қарыз болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде көлікті сатып алғаннан кейін 2 жыл өтпей сатқандар да салық төлеуге міндетті. Мәселен 10 миллион теңгеге иемденіп, 12 ай ішінде 13 миллионға берілсе, қосқан бағаның, яғни 3 миллион теңгенің 10 пайызын мемлекетке беру керек. Бұл – 300 мың теңге. Түскен пайда неғұрлым көп болса, салық та соғұрлым қымбат.
Енді шығынға батпау үшін қазір көліктің алып сатарлары сатып алу-сату құжатында мүліктің құнын төмендетіп, тіпті "мың теңге" деп көрсетеді. Осылайша өзі салық төлемейді. Бірақ осы тұста сатып алушы опық жеп қалуы мүмкін. Себебі ол кейін нарықтағы бағасына сатса, қомақты салық арқалайды.
“Пайдаға кенелмесе де, 10 пайыз салық төлеуге міндетті болады. Себебі дәлелдейтін құжатта көліктің сатылған бағасы "мың теңге" деп көрсетіліп тұрады. Оның үстіне салық органдары да мұндай айланы бірден анықтайды. Осылайша сатып алушыда қиындықтар пайда болады”, – деді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.
Келісімшартта бағасы "мың теңге" деп көрсетілген көлікті сатқандар 1 миллион теңгеден астам салық төлеуі мүмкін.
“Есепшоттарды бақылау практикасы басталды. Сол кезде шығып қалуы мүмкін. Ал былайша ол мысалы көлікті 15 миллионға алып, 16 миллион теңге сатса, 1 миллион теңгенің 100 мың теңгесін салыққа төлеп, сонымен ешқандай қиыншылық көрмейді”, – деді Алматы қаласы МКД басқарма бас сарапшысы Қайрат Түрімбетов.
Ал көлікті саудасына қатысты салықты көпшілік құптамады.
Айта кетсек, жаңа салық кодексі бойынша қосқан баға 36 миллион теңгеден асса, салық мөлшері 15 пайызбен есептеледі. Сондықтан мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері келісімшартта қандай баға жазғанына назар аударуды ескертті.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр