"Жанжал адам өлімімен аяқталған": Қытайда төбелес болып, қазақстандықты ұстап әкетті

Қытайда Махмұтхан Шерназаров есімді қазақстандық шетелдіктермен төбелесіп, жанжалдың соңы Қытай азаматының өлімімен аяқталған. Қазір отандасымыз қасақана адам денсаулығына зиян келтірді деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде Махмұтхан Шерназаровтың жақындары қазақстандыққа араша түсуін сұрады. Жақындарының айтуынша, Махмұтхан қытайлықпен жанжалға түсіп, төбелес барысында Қытай азаматы қаза тапқан. Олар мұның қасақана емес, абайсызда болғанын айтады.
“Біз бұл трагедияның болғанын жоққа шығармаймыз, алайда оқиғаның қалай өрбігенін нақты айту өте маңызды. Оқиға бойынша бейнежазба бар. Бейнежазбада Қазақстан азаматына бірнеше адамның шабуыл жасағанын көруге болады. Ол өзін қорғау мақсатында соққы жасаған. Соның салдарынан бір адам қайтыс болған. Осы жағдайды жан-жақты әрі әділ қарастыруға, сондай-ақ Қазақстан азаматының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз”, – деп қолдау сұрады жақындары.
Жазба авторы болған оқиғаны "жоспарланған зорлық немесе шабуыл" деп қарастыруға болмайтынын айтады.
"Ол агрессор болған жоқ. Ол қауіпті жағдайға тап болып, өз өмірін қорғауға мәжбүр болды", – делінген Threads желісінде жарияланған жазбада.
Жақындарының айтуынша, Махмұтхан Қытайға отбасын асырау үшін барған.
“Қазақ қызының намысын қорғау үшін басталған оқиға адам өлімімен аяқталып отыр. Нақты қандай жағдай болғаны өзімі де білмейміз. Қазір бізге адвокат жалдауға және қайтыс болған адамның отбасынан кешірім сұрап, келіссөз жүргізуге үлкен қаражат керек болып тұр. Сот әділ өту үшін әлеуметтік желіде резонанс тудыруға көмектесіңіздерші”, – дейді Махмұтханның отбасы.
Осы жағдайға байланысты Stan.kz редакциясы еліміздің Сыртқы істер министрлігіне сұрау жіберді. Қазір Қазақстан азаматы шетелде қамақта отыр.
“Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматы М.Шерназаровқа қатысты жағдайдан хабардар. Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығына Қытай Халық Республикасы Гуандун провинциясы Қоғамдық қауіпсіздік басқармасынан ресми хабарлама келіп түсті. Қытай тарапы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан азаматы денсаулыққа қасақана зиян келтіруге байланысты құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталған. Қазір аталған іс бойынша қосымша ақпарат алу мақсатында қазақстандық тарап ҚХР-дың құзыретті органдарына тиісті сұраулар жолдады”, – деп мәлімдеді министрлік.
ОқыңызВедомство берген мәліметке сенсек, қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста. Олар өз құзыреті шеңберінде қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
Сондай-ақ бұл мәселенің министрліктің бақылауында екенін атап өтті.
Бұған дейін блогер Қайсар Қамза Вьетнамда қамауда отырғаны туралы жазған едік.
"Жанжал адам өлімімен аяқталған": Қытайда төбелес болып, қазақстандықты ұстап әкетті