Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда коучтар мен менторлар бақылауға алынады: Сенат жаңа заң жобасын мақұлдады

коуч менторлар бақылауға алу
Фото: pixabay.com

Қазақстанда енді психологтардың мемлекеттік тізімі енгізіледі. Жаңа заңға сәйкес, тізілімге енбеген мамандар психологиялық қызмет көрсете алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұндай түзетулер 25 маусымда Сенатта "Психологиялық қызмет туралы" заң аясында мақұлданды. Құжатты таныстырған сенатор Әсем Рахметова кейбір қазақстандықтардың жалған психологтар мен коучтарға сеніп, алданғанын алға тартты.

"Қазір өзін психологпын, коучпын деп ақша тауып жүргендер көбейді. Оларға сеніп, алданған адамдар аз емес. Осыған байланысты маған көптеген шағымдар түседі. Жауапты органдар бұл мәселеге назар аударуы керек", – деді сенатор.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда психологиялық көмек қоғамда маңызды рөл атқарады. Ол азаматтардың эмоционалдық әл-ауқатын сақтауға, отбасы институтын нығайтуға, балалар мен жастардың дамуына және еңбек ұжымдарындағы психологиялық ахуалды жақсартуға қажет.

Заңның негізгі мақсаты – Қазақстанда психологиялық қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық негізін қалыптастыру, азаматтарға сапалы көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау.

Психологтардың стандарты қандай болуы керек

Құжат психологтардың кәсіби дайындығына қойылатын талаптарды, біліктілікті растау және арттыру тәртібін, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ психологтар мен қызмет алушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді. 

Негізгі жаңалықтардың бірі – психологтың кәсіби стандарты енгізіледі. Ол білім деңгейіне, кәсіби құзыреттер мен біліктілікке бірыңғай талаптар қояды. Сонымен қатар кәсіби әдеп кодексі бекітіліп, құпиялылық, кәсіби жауапкершілік және біліктілік талаптары айқындалады.

Психологиялық көмектің сапасын арттыру үшін тек ғылыми негізделген және тексерілген әдістерді қолдану қарастырылған. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретін супервизия институты енгізіледі. Бұдан бөлек, психологтардың медициналық қызметпен айналысуына және дәрі тағайындауына тыйым салынады. Сонымен қатар біліктілік талаптарына сәйкестікті растауға арналған сертификаттау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.

Тізімге кімдер енеді

Сонымен қатар мемлекеттік психологтар тізімі құрылады. Оған енбеген адамдарға психологиялық қызметпен айналысуға және өзін психолог деп атауға тыйым салынады. Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің қорытындысында бұл шара азаматтарды сапасыз қызметтен қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі екені айтылған.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегінше, бүгінде Қазақстанда психологтарды 43 жоғары оқу орны дайындайды. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларында шамамен 17 мың студент оқиды. Жыл сайын 4 мыңға жуық түлек бітіріп шығады.

Сонымен қатар Президент тапсырмасымен барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Тек өткен жылы олар шамамен 50 мың консультация берген.

Коуч, менторлардың жұмысы бақылауға алынады

Заңды талқылау кезінде депутаттар онлайн-кеңестер нарығына назар аударды. Мұнда психологиялық көмек жиі коучинг, менторлық немесе басқа атаулармен көрсетіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, заңды қолдану кезінде мемлекет маманның атауына емес, көрсетілетін қызметтің мазмұнына қарайды. Яғни адамның өзін коуч, ментор немесе басқа атаумен атауы маңызды емес. Егер ол іс жүзінде азаматтардың эмоционалдық жағдайына әсер ететін қызмет көрсетсе, мемлекет оны реттеп, бақылау жүргізеді.

Тұяқбаевтың айтуынша, мемлекеттік тізілім 2028 жылдан бастап қалыптастырыла бастайды. Осы уақытқа дейін мамандарға сертификаттаудан өтуге мүмкіндік беріледі. Тізілімге профильді білімі бар, тиісті дипломы мен халықаралық сертификаттары бар мамандар енгізіледі.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 25 Маусым, 2026 12:53