"Әкеңіз сізге керек болмаған соң, қайтыс болды": Қазақстандықтар психологтардан қалай зардап шеккендерін айтты

Қазақстандықтар психологияға бет бұрып, жан саулығына да мән бере бастады. Десе де білімі жоқ психологқа тап болып, мәселесін одан сайын ушықтырып алғандар бар. Олар психологқа жүгінер алдында маманды зерттеп, дұрыстап таңдауды ұсынады. Stan.kz тілшісі “психологсымақтардың” салдарынан зардап шеккендердің оқиғасын бөлісе отырып, психолог таңдауда не нәрсеге мән беру керек екенін анықтады.
Психологқа барғаннан кейін өзін кінәлі сезінгендер оқиғасы
Желіде Анна есімді қыз әкесінің қазасынан кейін психологқа жүгінгенін айтты. Алайда маман ішкі жараны “тырнағандай” болды дейді.
“Психолог маған “әкеңіз қайтыс болды, себебі ол сізге керек болмай қалды. Сіз оны керек етпегесін өмірдегі миссиясы аяқталды” деді. Содан кейін бұл маманнан бірден құтылдым. Бірақ сол сөзінің кесірінен бірнеше жыл бойы өзімді кінәлі сезініп келдім. Сол сөз ойымнан кетпей қойды”, – деді ол.
Қазір Анна өзіне ыңғайлы психологты тапқан. Ол психологты таңдау кезінде мұқият болуға шақырды. Желідегі жарнамаларға көзсіз сене бермей, дипломын, біліктілігін сұрап, тексерген жөн дейді.
Есімін жасырын қалдыруға шешкен әйел де психолог оған “кінә” сезімін тудырғанын мәлімдеді. Әйелдің күйеуі оның көзіне шөп салған. Ол маманнан терапия алғысы келгенімен, нәтижесінде “ауыр сезім” алып қайтқан көрінеді.
“Психологтың маған қойған сұрақтары өте біртүрлі болды. Көзге шөп салған күйеуім емес, мен сияқты болып қалдым. “Сонда күйеуің ол әйелден сенде жоқ нәрсені алатын болғаны ғой, сенде “сол әйелге тән” қандай қасиет жоқ?!” деді. Демек көз шөп салған адам кінәлі емес пе? Мұндай сұрақтар онсыз да жаралы әрі өзіме сенімсіз жанымды одан сайын сенімсіздікке тығып тастады”, – деді әйел.
Сөзінше, осы ойдан кейін әйел өзін өзгелермен салыстыратын болған. Психологтың “өзіңізге күтім жасаңыз, боянып, әдемі болып жүріңіз” деген кеңесі мәселені тереңінен шеше алмады. Әйел қайтадан басқа психологқа баруға бата алмапты. Себебі осы тәжірибеден соң бұл саладан көңілі қалған.
Қызымды жылатып, “қабылдамай қойды”
Ал Валентина Нестерова 11 жасар қызын психологқа апарамын деп опық жеп қалғанын айтады. Қызы шығармашыл болғандықтан, эмоциясы, түсінігі өзгешелеу екенін байқапты.
“Қызымды құрдастары шеттетіп, ортаға қоспаған екен. Сол мәселені шешіп, сезімдерін реттеу үшін маманға жүгіндік. Қызымның жеке бас мәселелерін алдын ала ескертіп қойған едім. Психологқа қызымды кіргізіп жібердім де, кетіп қалдым. 50 минуттан соң келсем, қызым егіл-тегіл боп жылап жатыр. Психолог бетіме қарап, “алып кетіңіз” деді. Бөлмеде не болғанын нақты түсіне алмадым, бірақ баланы жылататындай не көрінді?”, – деді Нестерова
Айтуынша, бұл онсыз да оқшауланып қалған қызды одан сайын қоғамнан алыстатқандай болды. Себебі балада “менімен тіпті психолог жұмыс істей алмайды” деген ой тудырған. Ал ана ол өзі бұл саладан алыс болғандықтан, енді қайда жүгінерін не қалай маманды таңдау керегін әлі де түсінбейді.
Бұған дейін желіде танымал психолог әрі коучтардың бірі сынға ұшыраған еді. Баян Алагөзова психологиялық кеңес беретін Мәрзия Бекайдарды әйелдерге беретін кеңесі үшін сынап тастады. Сөзінше, ол әйелдерді қызметші болуға үгіттейді.
“Тағы бір коуч әйелдердің жетістіктерін, білімін, бизнесін тастап, күйеуінің үйінде толық қызметші болуға үйретеді. Олардың түсінігінде әйелдің құндылығы – мойынсұну және ыдыс-аяқтың маңында өз орнын білу. Мұны әлі күнге дейін нұсқаулық ретінде көріп, тыңдайтындар бар. 21-ғасыр зайырлы мемлекетте конституциялық тең құқыққа ие болсақ та, келін – жартылай адам, жалғыз құқығы – қызмет ету деп сіңіріп келеді”, – деді Алагөзова.
Психолог пен “псевдопсихологты” қалай ажыратамыз?
Психотерапевт Андрей Юдиннің айтуынша, психологтың кәсібилігін анықтайтын бір белгі бар. Бұл – адамдарға айыптау көзқарасы.
“Практикалық психологияның алғашқы кезеңдерінде көптеген қатыгез үрдістер болды – пациенттерді өз проблемалары үшін кінәлап, мазақ ететін, өзіне құрбан позициясын алып алды деп айыптайтын. Перлс, Фаррелли сияқты мықты мамандар мұндай манипуляцияны нәтижелі қолданды. Алайда тәжірибесі аз психологтардың мұндай әдістері садизм мен психопатиялық сырқатқа айналды. 80-жылдары мамандар жеке даму тек сау, есті ортада болатынын түсінді. “Ұялту, айыптау немесе қабылдамау қаупі бар жерде адам дамымайды, “қайта жарақат алу” және патологиялық жан ауруын күшейту мүмкін” деген қорытындыға келді”, – дейді ол.
Сөзінше, кәсіби психологтар мен психотерапевтер кез келген адамға түсіністікпен қарап, оны сынамау үшін ішкі төзімділікті дамытуға үлкен күш жұмсайды, соны үйрену үшін оқиды.
“Пациентті түсіну оны қолдау дегенді білдірмейді. Өйткені психолог адамның әрекетіне баға берсе, өз кәсіби міндеттерін тиімді орындай алмайды. Психологсымақты танудың ең оңай жолы – оның адамды айыптау және баға беруі. “Өз мәселелеріңізге өзіңіз кінәлісіз", "сізде ешқандай проблема жоқ", "сіздің жағдайыңыз тым ушығыпты", "тек невротик осылай әрекет етеді", "қалыпты адамдар олай істемейді" деген сынды пікір білдіретін маманнан аулақ болыңыз”, – деді Юдин.
Ол психологтың кәсібилігін 3 сұрақ арқылы анықтауға кеңес берді.
- Психолог қиындық көріп жүрген адамдарды, яғни өз пациенттерін өзімен тең адам ретінде қабылдай ма?
- Адамдар өзіне қандай көмек керек екенін өзі шеше алады деп санай ма? Олардың еркіндігін құрметтей ме, өз пікірін күштеп таңбай ма?
- Психолог пациенттің пікірімен келіспесе де, онымен шынайы сөйлесе ме?
Егер осы сұрақтардың барлығына “иә” деп жауап бере алсаңыз, психолог сессиясын жалғастыра беруге болады. Алайда біреуіне “жоқ” деп жауап берсеңіз, ойланған жөн дейді. Ал үшеуіне де “жоқ” десе, мұны “псевдопсихология” деп бағалауға болады екен.
Одан бөлек қазіргі таңда жиі кездесетін псевдопсихология белгілерін атады.
“Қазір “авторлық әдіс" деген термин жиі тараған. Сонда әлемдік кәсіби қауымдастықтан бөлек, жылдар бойғы тәжірибеден бөлек жеке әзірлеген әдіс ойлап таба ма? Мұнда жеке абсолютизм бар. Екінші белгі – қысқа мерзімді тәсіл. Жалған психологтарда науқастар әдетте ұзаққа қалмайды. Сондықтан 2-3 сеанста бәрін керемет етіп жіберемін деп уәде береді”, – деді маман.
Қазақстан жалған психологтармен күресті бастады
Айта кетсек, мәжіліс "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес, енді психологтар міндетті түрде мемлекеттік тізілімге тіркелуге тиіс. Сонымен қатар олардың біліміне, қайта даярлауына және кәсіби біліктілігін растауына нақты талаптар қойылады. Мамандар кемінде бес жылда бір рет біліктілігін арттырып отыруға міндеттеледі.
Құжатта психологтардың кәсіби стандарттары да айқындалады. Яғни олардың құзыреттері, қызмет мазмұны мен кәсіби талаптары нақты белгіленеді. Сондай-ақ заң жобасында психологтардың құқықтары мен міндеттері бекітілген. Олардың қатарында:
- этикалық нормаларды сақтау;
- клиенттен ақпараттандырылған келісім алу;
- құпиялылықты қамтамасыз ету;
- кәсіби құпияны сақтау;
- клиенттің келісімінсіз ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу талаптары бар.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек