Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайлық оқушылар TikTok-та мұғалімдерді қорлайтын видео жариялаған – Полиция видеолардың авторларын іздеп жатыр

Қостанайлық оқушылар TikTok-та мұғалімдерді қорлайтын видео жариялаған
Фото: freepik.com

Қостанай облысындағы Лисаковск қаласында мектеп оқушылары флешмоб ұйымдастырып, мұғалімдердің көңіліне тиетін видео жариялаған. Педагогтер мұны буллинг деп қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл видео жергілікті білім бөлімі мен полицияның назарына ілікті. Қазір бұл жағдайға қатысы бар барлық адамдарды анықтау үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Қостанай облыстық білім басқармасы мұндай ақпараттың этикалық нормаларды бұзатынын және оның құқықтық салдары болуға тиіс екенін мәлімдеді. 

“Бұл іске үш мектептің әкімшілігі, білім бөлімі және қалалық полиция бөлімі жұмылдырылды”, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Елена Бурдыка.

Әрбір анықталған жағдайға құқықтық баға беріліп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Тек видеоны түсіріп, оны таратқан авторлар ғана емес, жасөспірімдердің өздері де жауапкершлікке тартылуы мүмкін.

TikTok-та мұғалімді қорлаған
Фото: Видеодан скрин

 

 

Жеке деректер мен фотоларды рұқсатсыз пайдаланып, интернетте қорлағаны үшін кәмелетке толмағандардың өздеріне де, олардың заңды өкілдеріне де жауапкершілік жүктелмек.

TikTok-та мұғалімді қорлаған
Фото: Видеодан скрин

 

Мамандардың айтуынша, кез келген адам, соның ішінде педагог та, мұндай материалдарды жоюды талап етуге және өз құқықтарын қорғау үшін тиісті органдарға жүгінуге құқылы.

Облыстық полиция департаменті қорлайтын аккаунтты жасағандарды іздестіріп жатқанын мәлімдеді.

"Полицияға Петропавлдағы мектептердің бірінің қызметкерлеріне қатысты жалған мәліметтерді тарату фактісі бойынша арыз түсті. Аталған факт тіркелді. Әкімшілік іс қозғалды, оның аясында фейк контент авторын анықтауға бағытталған қажетті шаралар кешені жүргізіліп жатыр", – деді СҚО ПД баспасөз хатшысы Адемау Мендыбаева.

Іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-3-бабы "Жала жабу" бойынша қозғалған. Интернет арқылы жалған ақпарат тарату мынадай жауапкершілікке әкеледі:

  • Жеке тұлғалар үшін: 180 АЕК (2026 жылы 778 500 теңге) айыппұл немесе 20 тәулікке дейін қамау.
  • Лауазымды тұлғалар үшін: 650 АЕК (2 811 250 теңге) айыппұл немесе 25 тәулікке дейін қамау.

Мұғалімдерге қатысты жағдай – СҚО мектептеріндегі жүйелі мәселенің бір бөлігі ғана. Өңірде әлі де анонимді Telegram-арналар ("Позор", "Срам") жұмыс істеп тұр, онда белгісіз адамдар оқушыларға қатысты компромат жариялайды: төбелес видеолары, алкоголь қолдану және тіпті интимдік кадрлар. Мұндай жазбалардың астында жиі зорлық-зомбылыққа ашық шақырулар кездеседі.

2025 жылдың ақпан айында құқық қорғау органдары осындай ресурстардың бірін бұғаттаған болатын. Сол кезде жағдайға облыс прокурорының бірінші орынбасары пікір білдірген еді. 

"Осындай чаттар туралы ақпарат түскеннен кейін олар бұғатталды. Арналардың иесі мен әкімшісі анықталған жоқ. Біздің басты міндетіміз – ең алдымен чаттарды жабу болды. Бірақ ұйымдастырушыларды іздеу жалғасып жатыр", – деген еді Абу-Али Саттар.

Бұғаттауларға қарамастан, желіде ұқсас мазмұндағы жаңа арналар үнемі пайда болып отырады. Өңір тұрғындары мұндай пабликтердің авторлары жауапкершіліктен жалтарып, жасөспірімдерді қорлауды жалғастырып жатқанын айтып шағымдануда.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 22 Сәуір, 2026 14:57